18.12.2019, 14:15

Жатақханада шыққан өрттен 50 адам құтқарылды

Алдын ала болжам бойынша өрттің шығуына шылым шегу кезінде отты дұрыс пайдаланбау себеп болып отыр.

Петропавлдағы отбасылық жатақхананың 5-қабатындағы бөлменің бірінде өрт шықты. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы Қазақпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды. 

Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бөлмеде жиһаз бен үй заттары жанған. 

«Құтқару капюшондарының көмегімен 10 адам құтқарылды, олардың екеуі - бала. Барлығы 50 адам эвакуацияланған, оның ішінде 16 бала бар. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ», - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Өрт сөндіруге жеке құрамның 26 маманы мен 9 техника жұмылдырылды. Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына шылым шегу кезінде отты дұрыс пайдаланбау себеп болып отыр. Тілсіз жаудың нақты неден болғаны және залал мөлшері анықталуда.