Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Олжас Сүлейменовтің қала атауын Алма-Ата деп өзгерту туралы ұсынысын жоспарға алмаған. Алайда, ақын бұл бастамасы аталған екі шенеунік тарапынан да қолдау тапқанын айтқан еді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Басынан бастасақ, белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында Алматыға бұрынғы Алма-Ата атауын қайтару керек екенін айтқан болатын. Сол сәтте ол «мегаполис атауын өзгерту туралы петицияға алғашқылардың бірі болып қол қоюға дайынмын» деген-ді.
Ал бұл ұсынысы туралы сөзін ақын: «Президент Тоқаевпен кездесу кезінде біз бұл мәселені талқыладық. Мемлекет басшысы бастамамды қолдады. Бірақ, халық өзі шешуі керек екенін айтты. Менің ұсынысым қала әкімі Бақытжан Сағынтаев тарапынан да қолдау тапты», – деп пысықтап та қойды.
Бірақ, сол бастамадан кейін президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин өзінің Telegram парақшасында: «Оның (Олжас Сүлейменовтің - автор) президентпен кездесуде бұл идеяны айтуы мемлекет басшысы қолдап отыр дегенді білдірмейді. Президент Алматы қаласын дамыту бойынша бұдан да маңызды мәселелерді шешу керек деген ойда» деп жазды.
Әкім Бақытжан Сағынтаев та Instagram желісінде қаланың атауын өзгерту мәселесі әкімдіктің күн тәртібінде жоқ екенін мәлімдеді.
«Бүгін Алматы қаласының атауын өзгерту туралы ақпарат пайда болды. Мен бұл мәселені қарастырмағанымды айтқым келеді және әкімдіктің күн тәртібінде бұл мәселе жоқ. Қазіргі уақытта біз қала үшін Президент Қ-Ж. Тоқаевтың алға қойған кешенді міндеттерін шешу жолында жұмыс істеп жатырмыз. Жақында қабылданған «Алматы 2050» Стратегиясын, қысқа және орта мерзімді жоспарларды іске асыру бойынша жұмыстарды жүргізудеміз» деп жазды ол.
Еске сала кетсек, бұл Олжас Сүлейменовтің қала атауын өзгертуге құлшынған бірінші сұхбаты емес. Ол туралы «Экспресс К» газетіне берген «Истинная культура нации зиждется на благородном сочетании Знания и Веры» (№ 128 (17486) от 17.07.2012) атты сұхбатында да айтқан.
«Қазақ ақпарат құралдарында көне қазақ атауы – Алматыны қолданған ләзім. Ол жалпы түркі тілінде «Алмалы» деген мағынаны береді. Яғни, «алмаға бай мекен» деген ұғымды білдіреді. Верный бекінісі салынған елді мекеннің жанындағы ауыл солай аталды. Революциядан кейін қазақ атауы қайтарылды. Алайда, қалада Алматы сөзін ілік септігінде тұрғандай қабылдайтын орыстілді тұрғындардың көбеюіне орай, атау септікті Алма-Ата атауы пайда болды», - деген болатын сонда ол.
Одан бұрын да депутат Дариға Назарбаева Алма-Ата атауының өзіне жақын екенін және қалаға осы атауды қайтарғанын қалайтынын бірнеше рет қайталаған еді...