$ 514.65  544.6  5.17

Сыналғаннан кейін қызметі өскендер көшін Мәдина Әбілқасымова бастап тұр (ФОТО)

Көшербаевтың тарапынан мұндай қатаң сын айтылғанмен, Ғабидолла Әбдірахымовты қолдаушылар аз болмады.

Кеше Ақордада бірқатар ауыс-түйістер болды. Мәдина Әбілқасымова Ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметінен босатылып, жаңадан құрылған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің «су жаңа» төрағасы болып тағайындалды.

Аталған агенттік Президентке тікелей бағынады. Тіпті, Тоқаев оны тағайындаған күні-ақ қабылдап, тапсырма беріп үлгерді. Мәдина Ерасылқызы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі кезінде халық тарапынан сынға жиі ұшыраған шенеуніктердің бірі болып еді.

Жалпы, басшыдан ескерту алып, халықтың сынына іліккен шенділер аз емес. Кейбірі қызметінен шеттетілсе де, «бақытын» басқа бір лауазымнан тауып жүр. «Азаттық рухы» шулы жағдаймен қызметінен кеткен, қызметінен «аластатылса» да, биліктен алыстамаған шенділердің бір парасын ұсынады.

КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР МЕН ӘБІЛҚАСЫМОВА 

Қызмет бабында сынның астында көп қалған министрдің бірі – жаңадан құрылған агенттік төрағасы Мадина Әбілқасымова. Ол 2018 жылдың ақпанынан 2019 жылдың ақпанына дейін (тура бір жыл – авт.) Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды. Әбілқасымованың басшылық қызметі еліміздегі әлеуметтік проблемалардың шиеленіскен кезімен, күтпеген қайғылы оқиғалармен тұспа-тұс келді.

2019 жылдың ақпанында Астанадағы бір отбасының бес баласы өрттен қаза тапқан қайғылы оқиға көпшілікті күңірентіп, тіпті, бұл жағдайды ақындар өлеңдеріне қосып, түрлі әлеуметтік мәселе көтерді. Өрттен қаза тапқан бес баланың ата-анасы бала-шағасын асырау үшін түнде де жұмыс істейтіні анықталды.

Осындай күйде жүрген басқа да көпбалалы аналар пікірін ашық айтып, министр Әбілқасымованың отставкаға кетуін талап етті. Тіпті, көпбалалы әйелдер бірнеше рет митингке шықты.

Министр ашық сын айтқан наразы топтың талап-тілегін ескеріп, сыннан нәтиже шығаратынын айтты. Көпбалалы аналардан түскен барлық өтініштерді қарауға уәде берді. Алайда, министр БАҚ алдында сөйлегенде жұбатамын деп, «жылататын» сөз айтты. «Күміс алқа», «Алтын алқа» сынды ордендер бізден басқа ешбір елде жоқ екенін айтқанда, әлеуметтік желілерде министрге қатысты наразылық өрши түсті.

21 ақпанда елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметті «халықтың жағдайын оңалтпады» деген себеппен отставкаға жіберді. Жаңа жасақталған министрлер кабинеті құрамында Әбілқасымова болған жоқ. Бірақ көп ұзамай, Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Вице-министр қызметін 16 күн атқарып, артынан Ұлттық банк төрағасына орынбасар болып кетті. Осылайша, Әбілқасымова көзден таса болып, оны көпбалалы аналар да «ұмыта» бастады.

«СЕНІМ КРЕДИТІ» ЖӘНЕ «ЗЫҢ-ЗЫҢ» ӘКІМ

Шымкентке әкім болып барғанда да, Шымкент мэрі қызметінен кеткенде де көпшілік талқысына көп түскен саясаткер - Ғабидолла Әбдірахымов. Ол Шымкентті екі рет басқарды: 2015-2017 жылдары ОҚО орталығы болып тұрғанда және 2018-2019 жылдары мегаполис деген мәртебеге ие болған кезде.

Әдетте Ақорда көптеген әкім-қараларды қызметінен алғанда «ауыр сөз» айтпай, жылы шығарып салады. Бірақ, Ғабидолла қызметінен кеткенде бәрі басқаша болды. Сол кездегі Президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев «зың-зың» әкімнің қызметінен кетуін «Ғ. Әбдірахымовқа деген сенім кредиті түгесілді. Әкім - халықтың қызметшісі. Соған сай болуы тиіс» деп түсіндірді.

«Халықтың көбі мемлекет көмегіне зәру болып отыр. Ал оның жүріс-тұрысы БАҚ-та, әлеуметтік желілерде егжей-тегжейлі жазылуда. Арыс қаласы қалпына келтіріліп жатыр. Түркістан гүлденуде. Мемлекет уақыттың жаңа талаптарына жауап іздеуде. Бұл – биліктің беделін түсіреді. Осымен Әбдірахымовқа деген саяси сенім сарқылды», - деді Көшербаев.

Көшербаевтың тарапынан мұндай қатаң сын айтылғанмен, Ғабидолла Әбдірахымовты қолдаушылар аз болмады. «Көшербаевтың сыны Ғабидолланың саяси карьерасына нүкте қоя ма?» деп алаңдағандар да табылды. Нәтижесі өздеріңіз білетіндей, арада 2 ай өтпей Қырымбек Көшербаев Президент әкімшілігінің жетекшісі қызметінен босатылып, Мемлекеттік хатшы болып тағайындалды. Ал Ғабидолла Әбдірахымов Премьер-министрдің кеңесшісі ретінде қызметке кірісіп, «сөнгелі тұрған» саяси карьерасына жан бітірді.

Мұндай тосын жаңалықты саясаттанушы Досым Сәтпаев саяси элита ішіндегі өзара қақтығыстармен байланыстырды. Сәаясаттанушы «Азаттық рухына» берген сұхбатында «Әбдірахымов кеңесші болып көп отырмайды, әлі-ақ басқа лауазымды орынға жайғасады» деген болжам да айтты.  

Қазір Ғ.Әбдірахымов БАҚ беттерінде бұрынғыдай жиі көріне бермейді, әлеуметтік желіде де белсенді емес. Instagram желісіндегі соңғы жазбасы 11 тамызда жарияланған. Тек апта сайын өтетін Үкімет отырысына тұрақты түрде қатысып отырады.

ӨСКЕНБАЕВ, ДОСАЕВ ЖӘНЕ ЖЕР ДАУЫ

Жұмысын тиісті дәрежеде атқара алмағаны үшін Елбасыдан сын естіп, қызметінен босатылған шендінің бірі - қазіргі Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев. 2016 жылы жер дауы кезінде Нұрсұлтан Назарбаев оны «Үкіметті жерге қараттты» деп қызметінен босатты.

Еске салайық, 2016 жылы еліміздің бірнеше қаласында Жер кодексіндегі өзгерістерге қатысты наразылық акциялары өтті. Жұрттың ашуын тудырған жәйт - аталмыш кодекстегі Қазақстанның ауыл шаруашылық жерлерін шетелдіктерге 25 жылға жалға алуға рұқсат беретін пункт еді.

Алайда, «Үкіметті жерге қаратқан» Өскенбаев та жұмыссыз қалған жоқ. Көп ұзамай «Бәйтерек» ұлттық холдингіне басқарушы директор болып барды. Холдингте екі жыл қызмет атқарып, 2018 жылдың қаңтарында вице-министр қызметіне қайта кірісті. Бұл жолы Ұлттық экономика емес, инвестиция және даму министрінің орынбасары болып тағайындалды.

Айтпақшы, Қ.Өскенбаевты қатаң сынға алған Үкіметтің кеңейтілген отырысында сол кездегі Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев та орнынан тұрып, өзін ерікті түрде қызметтен босатуды сұраған еді. Елбасы оның отставкасын мақұл көріп, ең тиімді жұмыс атқаратын министрлердің бірі екенін атап өтті. Досаев Үкіметтен кеткенмен, алыстаған жоқ. Экс-министр «Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы болып, Қ. Өскенбаевты  басқарушы директор етті. Алайда, Досаев арада жыл өтпей Премьер-министрдің орынбасары болып Үкіметке қайта оралды. Қазір Ұлттық Банк төрағасы.

МАМЫТБЕКОВ ЖӘНЕ «ЕТ ОДАҒЫ»

2016 жылғы жер дауы 5 жыл бойы ауыл шаруашылығы саласын үзіліссіз басқарған Асылжан Мамытбековты де айналып өткен жоқ. Тұңғыш Президент оған да соңғы ескерту жасап, қызметтік жауапкершілігіне толық лайықты болмағанын айтты. Содан соң Мамытбеков өздігінен отставкаға кетті. 2018 жылдың мамырына дейін лауазымды қызметте болған жоқ. «Астана» банкінің тәуелсіз директоры және «Қазақстаннның ет одағының» төрағасы болып сайланды.

2018 жылдың басында Ауыл шаруашылығы министрі болып Өмірзақ Шөкеев тағайындалып, Мамытбеков ведомстваға жауапты хатшы болды. Алайда, Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысына әкім болып тағайындалып, Мамытбеков ведомстводағы жауапты қызметін ұзақ сақтап қала алмады. 2019 жылдың 6 наурызында Елбасы Мамытбековты қызметінен босатты. Әлі күнге дейін ет одағын басқаратын Мамытбеков қазір асыл тұқымды мал өсіру, бордақылау мәселелерімен белсенді түрде айналысып жүр.

ҚОС МҰРАТТЫҢ БІРІ «ӨРЛЕП», БІРІ ТӨМЕНДЕДІ

Белгілі қоғам белсендісі, «Серпін» ұлттық білім және инновациялар палатасының төрағасы Мұрат Әбенов 2012-2013 жылдар аралығында білім және ғылым вице-министрі болған. 2013 жылдың қарашасындағы Үкімет отырысында бұрынғы Премьер-министр Серік Ахметов сол кездегі білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке бюджеттің игерілмеуі бойынша сын тақты. Сонда Сәрінжіпов сыннан нәтиже шығарып, вице-министрлерді қызметінен босататынын, жауапты хатшыны жазалайтынын айтты. Көп ұзамай Үкімет кулуарында білім министрі орынбасарларының қызметінен өз еркімен кететіндігін мәлімдеді.

«Президенттің берген тапсырмалары бар. Жұмыс істемегендер қызметтен қуылады. Бұл министрліктерге де, білім беру мекемелеріне де қатысты», - деген А. Сәрінжіпов.

Сәрінжіпов мәлімдеме жасағанда сол кездегі Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов вице-миниср қызметімен еңбек демалысында жүріп «қоштасты».

«Алақай, жолдастар! Шықтым-ау әйтеуір! Ертең кешке отбасымызбен еңбек демалысына кетеміз. Тек бір жыл бұрын ғана БҒМ-не жұмысқа кірген сияқты едім. Демалатын уақыт келді...», - деп Әбенов твиттер парақшасында жазды.

Кейін журналистерге берген сұхбатында отставкаға кету туралы өтінішті Аслан Сәрінжіпов мәлімдеме жасағанша, бір жарым ай бұрын жазып қойғанын айтқан. Себебін «басқа жұмысқа ауысуыма байланысты» деп түсіндірді.

Одан кейін Әбенов Үкіметке жұмыс істеуге қайта барған жоқ. Дегенмен біршама лауазымды жұмыстар атқарды. Үш жыл «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығын басқарды. Одан кейін «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, аталған палата президиумы жанындағы комитет төрағасы қызметтерінде болды. 2018 жылдан бері Серпін» ұлттық білім және инновациялар палатасын басқарады. Биыл шілдеде Президент қаулысымен Ұлттық қоғамдық кеңес құрамына кірді.

Ал Әбеновпен бір уақытта вице-министрліктен кеткен Мұрат Орынханов қайтадан жоғары қызметке бара алмады. Қысқа уақыт Назарбаев университетінде ұлттық жобаларға жетекшілік етті, мемлекеттік басқару академиясына қарасты мемлекеттік саясат ұлттық мектебі директорының орынбасары болды. Қазір академияның Алматыдағы филиалында сабақ береді.

БІЛІМ МИНИСТРІ БОЛУ ДА, БОЛҒАННАН КЕЙІН ДЕ ОҢАЙ ЕМЕС

Сыннан көз ашпайтын, ата-аналардың көңілінен шыға бермейтін еліміздегі ең күрделі ведомство - Білім және ғылым министрлігі. Ведомство басшылығында болған министрлер түрлі реформа жасамақ болды. Алайда, бастамаларарының бәрі қоғам наразылығын тудырды.  

2013 жылдың соңында Білім және ғылым министрі болып Аслан Сәрінжіпов тағайындалды. Ведомствоны басқарған жылдары ол түрлі мәлімдемелерімен есте қалды. Әсіресе, Мәжіліс депутаты Азат Перушаев екеуінің арасындағ болған дау көпшіліктің есінде. Мәжіліс отырыстарының бірінде «Ақ жол» партиясының төрағасы Перуашев Сәріжіповтен ЖОО-лардың білім беру сапасын тәуелсіз агенттіктерге тексертпей отырғаны үшін отставкаға кетуін талап еткен.

Ал Сәрінжіпов ашық түрде «Оның бұл сөзі жекеменшік ЖОО-лар мен аккредитациялық орталықтардың лоббиімен байланысты» деп мәлімде жасады. Мұны жала деп бағалаған Перуашев министрді сотқа берді. Бірақ Сәрінжіпов пен депутат арасындағы дау көпке созылмай, сиырқұйымшақтанып кетті. 2016 жылы Білім министрі қызметінен кетті. Одан кейін ол «Назарбаев қорының» президенті және Назарбаев университеті қамқоршылық кеңесінің мүшесі болып тағайындалды. Әлі күнге дейін сол қызметте.

Сәрінжіповтың орнына келген Ерлан Сағадиев үш жылдан аса уақыт министр болып, 2019 жылдың басында Елбасы таратқан Сағынтаевтың үкіметімен бірге қызметімен қош айтысты. Сағадиев 3 жылдың ішінде түрлі реформалар жасады. Көбі қоғам тарапынан қолдау таппады. Экс-министр қызметінен кеткен соң білімін жетілдіру мақсатында шетел асып, оқуға кетеді деген сыбыс тараған. Алайда Сағадиевтің қазір нақты немен айналысып жүргені белгісіз.

Үкімет басына Асқар Мамин келіп, Білім және ғылым министрі болып «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова тағайындалды. Дегенмен, Шәмшидинова ведомтво басшылығында бас-аяғы 5 ай ғана болып, орнын 37 жастағы Асхат Аймағамбетовке босатып берді. 

Айтпақшы, 2010-2013 жылдары білім және ғылым министрлігін басқарған Бақытжан Жұмағұлов та ұзақ уақыт жұмыссыз жүріп, 2017 жылы Сенатқа депутат болды.

Дереккөз: Азаттық рухы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары