Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда парламенттік оппозиция институтын құру қажеттігі туралы айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Today.kz-ке сілтеме жасап.
Нақты айтқанда, бүгін Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында мемлекет басшысы саяси партияларды тіркеу кезіндегі талаптарды жеңілдетуді ұсынды.
«Бізге парламенттік оппозиция институты қажет. Біз жаңа қоғамдық парадигманың басты шарты балама көзқарастар мен пікірлер екенін түсінуіміз керек. Соңғы жылдары өз ұстанымдарын ашық білдіріп жүрген белсенді азаматтар бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге атсалысты. Біз балама пікірлер мен қоғамдық талқылау тоқыраудың бастауы емес, керісінше, дамудың басты талаптарының бірі екеніне көз жеткіздік», - деді президент.
Оның айтуынша, «Парламент туралы» Заңды саяси азшылыққа кепілдік беретін нормалармен толықтыру керек.
«Сондықтан Парламенттегі саяси азшылықтың негізін заң жүзінде бекіту қажет. Бұл үшін «Парламент туралы» Заңды саяси азшылыққа кепілдік беретін нормалармен толықтыру керек.
Мысалы, басқа да партиялардың өкілдері Парламенттегі кейбір комитеттердің төрағасы лауазымдарын иелене алатындай жағдай жасау керек. Бұл биліктің заң шығару тармағындағы баламалы қызметтің жүйелі жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.