$ 447.4  477.55  4.76

«Бұл не адамгершілікке, не саяси мәдениетке келмейді»: Бекболат Тілеухан партия құрған келіні туралы айтты

«Тоғжан келінім, бірақ, туған балам емес. Тіпті, қазіргі кезде келін тұрмақ, туған баланың өзі тіліңді ала бермейді».

Биыл БАҚ-та Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның келіні Тоғжан Қожалиева жаңадан «Хақ» деген партия құрып жатыр деген ақпарат тараған болатын. Бүгін осыған қатысты сұраққа депутаттың өзі жауап берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

«Абайдың «Атадан балаға ой өзге» деген сөзі бар. Өзі 10 адам болса, 10 түрлі пікір болады. Иә, ол менің келінім екені рас. Оның саяси көзқарасы, өмірлік ұстанымы бар. Бірақ, мен бір партияда жүріп, екінші партияға секіре беретін адам емеспін ғой. Мен – «Нұр Отан» партиясының белді мүшесімін, сол партияның гимнінің авторымын. Осы партияның төрағасы Назарбаевтың ұстанған саясатын жалғастыруға үлес қосып, насихатшысы болған адаммын.

Өзімнің ойларымды іске асыруға мүмкіндік берген партия, былайша айтқанда, билеуші партия, соның құрамында жүріп, келінім партия ашайын деп жатыр екен деп жүгіріп бармаймын ғой», - дейді Бекболат Тілеухан.

Айтуынша, келіні мен екеуінің саяси көзқарасы екі түрлі. Алайда, депутат оның пікірі мен көзқарасын құрметтейді екен.

«Бұл не адамгершілікке, не саяси мәдениетке де келмейді. Тоғжан келінім, бірақ, туған балам емес. Тіпті, қазіргі кезде келін тұрмақ, туған баланың өзі тіліңді ала бермейді. Сондықтан ғой, Абайдың сөзін айтып жатқаным.

Демократиялық заман. Біреу тауар өндіремін дейді, біреу партия құрамын дейді. Енді оның да көзқарасына құрметпен қарау керек. Бірақ, бұл жағынан қарағанда екеуміздің саяси көзқарасымыз екі жаққа кетіп қалған. Оны жасырмаймын», - дейді Мәжіліс депутаты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары