23.12.2019, 18:28

Кемінде 5 302 теңге: шенеуніктердің ел аумағына іссапарға шыққандағы пәтер жалдау құны нақтыланды

фото: pavlodarnews.kz
Облыс орталықтары мен облыстық маңызы бар қалаларда айлық есептік көрсеткіштің 7 есе мөлшерінен, ал аудан орталықтары мен аудандық маңызы бар қалаларда және Ақмола облысындағы Бурабай ауданының Бурабай елді мекенінде 5 есе мөлшерінен аспайды.

Депутаттар мен Жоғарғы соттың судьялары 2020 жылы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына іссапармен барғанда пәтер жалдауға тәулігіне 18 557 теңге жұмсайды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Sputnik-ке сілтеме жасап.

Қызметтік іссапарлар шығындарын бюджет қаражаты есебінен өтеу ережелеріне сәйкес, мемлекеттік мекеме басшылары мен орынбасарлары, хатшылар, Конституциялық кеңестің мүшелері, президент кеңсесінің басшысы, Парламент депутаттары және Жоғарғы сот судьялары үшін тұрғын үйді жалдау құны Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау және Байқоңырда айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 10 есе мөлшерінен аспауы тиіс.

Облыс орталықтары мен облыстық маңызы бар қалаларда айлық есептік көрсеткіштің 7 есе мөлшерінен, ал аудан орталықтары мен аудандық маңызы бар қалаларда және Ақмола облысындағы Бурабай ауданының Бурабай елді мекенінде 5 есе мөлшерінен аспайды.

Айта кетсек, биыл бір АЕК 2525 теңге болса, 2020 жылы ол 2 651 теңгеге өспек.

Мемлекеттік мекеме қызметкерлері үшін шығындарды өтеу нормасы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау және Байқоңыр қалаларында 7 АЕК-тен (18 557 теңге немесе 48,5 доллар), облыс орталықтары мен облыстық маңызы бар қалаларда 6 АЕК-тен, аудан орталықтарында, аудандық маңызы бар қалаларда және Бурабай елді мекенінде төрт АЕК-тен, ауылдық округтерде екі АЕК-тен (5 302 теңге немесе 13,8 доллар) аспауы шарт.