Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Бюро мүшелеріне білім беру, денсаулық сақтау жүйелерін цифрландыру мен ауылдардағы интернет мәселелерін шешуді тапсырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, azattyq-ruhy.kz-ке сілтеме жасап.
Дариға Назарбаеваның айтуынша, қазір аймақтарда интернет жоқ екенін және мұғалімдер жүктемесін ұлғайтады деген сылтаумен «Күнделік» электрондық сервисінің жұмысы шектеле бастағанын айтты.
«Әрбір жекелеген жағдайдың шешімін іздестіру керек. Әкімдіктер мен жергілікті білім басқармаларына электронды күнделік неге тиімсіз? Өйткені, ол барлық білім беру, тестілеу, сабаққа қатысу, сабақ өткізу жүйесін ашық көрсетеді. «Күнделік» барлық сабақтардың болатынын немесе қағазда ғана қалатынын анықтап береді. Бүгінгі күні электронды күнделік оқушылардың үлгерім деңгейін, мұғалімдердің өздерінің дайындығын – осының бәрін көрсетіп отыр. Бұл оларға тиімсіз», - деді Д. Назарбаева.
Сондай-ақ, ол ауылдық нысандарға, оның ішінде әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне жоғары жылдамдықтағы интернет жүргізу үшін әкімдіктерге бөлінген қаражатты игеруді тексеру қажеттігі туралы да сөз қозғап, интернет тарифтеріне де назар аударды.
«Біздің медициналық мекемелер мен жалпы білім беру мекемелеріне интернет тарифтері неге екі есе жоғары, ал жылдамдығы неге бір есе төмен? «Қазақтелеком» жыл сайын осы мақсаттарға мемлекеттен субсидия алғанның өзінде осындай. Мұның да түйінін шешу керек», - деді ол.
Сенат төрағасы отырысты қорытындылай келіп, депутаттардың ел аймақтарына алдағы сапарына тоқталды.
«Депутаттардың аймақ басшылары сирек баратын ең шалғай елді мекендерде жиі болғаны жақсы. Осы сапарлар кезінде олардың негізгі мақсаты сайлаушылардың аманаттарын жинау және азаматтардың өзекті мәселелерін шешу болуы тиіс. Жаңа жылда Сенатта өңірлер күндерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол ақпарат бізге өте қажет болады», - деді жоғарғы Палата басшысы.