Шымкенттегі жастарға арналған жалдамалы пәтерге конкурс жабық түрде өткені туралы ақпарат желіде желдей есті, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Еліміздің басты қалаларында ашық түрде өткен конкурс тек қана Шымкентте жабық түрде өтті. Көпшіліктің көкейінде осы мәселеге қатысты күдік қалғаны да рас. Содан кейін қалай анықталғаны белгісіз, @dauletten Instagram-парақшасында сол жалдамалы пәтерді жеңіп алған жастардың суреті пайда болды.
Сол себепті, бүгін елордада Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың журналистермен кездесуі кезінде оған осыған қатысты сұрақ та қойылды. Алайда, қала басшысы тарапынан мардымды жауап болмады.
Ол жабық өткен конкурсқа қатысты сұраққа тосылыңқырап қалып, одан гөрі жақында жастарға арналған жалдамалы пәтердің қабырғасы неліктен құлағанын айта кетуді жөн көрді.
«Мен жастарға арналған жалдамалы пәтерлердің барлығын аралап шықтым. Барлығы жақсы жағдайда болған. Жақында екі күн Шымкентте қатты жел тұрып, мүмкін содан қабырғасы құлаған болар», - деді Ерлан Айтаханов.