29.12.2019, 10:25

«Халықтан кешірім сұрамай, Жапонияда шалқып жатыр»: «Bek Air»-ге экс-шенеуніктің ұлының қатысы бар ма?

фото: stan.kz
Аталмыш әуекомпаниясына қатысты журналист жариялаған бұл ақпаратты Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі жоққа шығаруға тырысатынға ұқсайды.

Белгілі журналист, 31 арнаның тележүргізушісі Мақсат Толықбай Instagram парақшасында Алматыдағы «Bek Air» әуекомпаниясы ұшағының апатқа ұшырап, адамдардың мезгілсіз қаза табуына байланысты сол мекеме басшысының халықтан бір ауыз кешірім сұрамағанын жазды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Bek Air» компаниясының басшысы «кешірім сұраймын» деп, ең болмаса бір ауыз сөз айтуға жарамады. Жапонияда шалқып жатыр. Бұл қазақтың көк тиындық құны жоқ па? Бізді басынбаған кім қалды өзі? Көшеде ит қағып кетсең де жаның ашиды ғой...», - деп ашынды қоғамдық мәселелерге бейжай қарай алмай, үнемі өзіндік үн қосып отыратын әріптесіміз.

Оған жарты күнде 4 мыңға жуық ұнату белгісі басылып, 150-ден астам қолдау пікірлері жазылғанының өзі қарапайым бұқараның компания басшылығына деген ашу-ызасын айқын аңғартып-ақ тұр.

Мақсат Толықбай сол жазбасынан кейін «Bek Air» әуекомпаниясының басшысы – 1949-2012 жылдары Қаржы полициясы агенттігінің төрағасы және Президент іс басқармасының басшысы болған марқұм Сарыбай Қалмырзаевтың ұлы Нұрбол Сұлтан екенін анықтағанын жазды.

Айта кетсек, Нұрбол Сұлтан – 1976 жылы Алматы қаласында туған. Мамандығы бойынша экономист. Еліміздегі ұлттық компаниялардың көбінде басшылық лауазымдар атқарған. Бүгінде «АзияКредит Банк» АҚ-ның иесі. «Meridian Capital» ЖШС арқылы «KСЖ Aзия Life» АҚ-ның да 24% акциясын иеленген. Сондай-ақ, «Орал халықаралық әуежайы» ЖШС-інде өз үлесі бар. Былтыр Forbes журналы құрған «Қазақстандағы ең бай бизнесмендер» рейтингінде 42-сатыға орналасқан оның байлығы – 94 миллион доллар.

Алайда, аталмыш әуекомпаниясына қатысты журналист жариялаған бұл ақпаратты Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі жоққа шығаруға тырысатынға ұқсайды. Олардың мәліметінше, компанияның жалғыз құрылтайшысы – Нұрлан Жұмасұлтанов. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрінің орынбасары Берік Қамалиев мәлімдеді.

Сонда айтылған дерекке сүйенсек, Нұрлан Жұмасұлтанов 2019 жылдың маусым айына дейін Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің авиациялық оқиғалар мен оқыс жағдайларды тергеу басқармасын басқарған. Сол кезде ол жұмысынан қол астындағылар жасаған заң бұзушылыққа байланысты босатылған-мыс.

Осы орайда, вице-министр «Bek Air» әуекомпаниясының Нұрлан Жұмасұлтановтан басқа құрылтайшысы болып табылатын басқа бір бас директор бар деген ақпаратты тексеріп жатқандарын айтты. Бірақ, жауабын «Ол атқарушы директор, бізге оның аты-жөнін... біз қосымша айтатын боламыз», - деп «сиырқұйымшақтатқан» еді.

Журналистер Жұмасұлтановтың қай кезден бастап жалғыз құрылтайшы екенін де сұрады. Себебі, журналистердің ақпараты бойынша, бұл жерде компания президенті жоғарыда аталған Нұрбол Сұлтан болып тұр.

«Біз бұл туралы естідік, бірақ, ол қазір бастық емес. Оның үстіне ол Қазақстанда тұрмайды. Шетелге көшіп, сол жақта қалып қойған. Әрине, бұл – Жұмасұлтанов пен Сұлтан арасындағы азаматтық-құқықтық қатынастар. Біз Жұмасұлтанов мырзаны білеміз. Ал Сұлтан... бұл – олардың азаматтық кодексі», - деп тағы мәймөңкеледі сонда Қамалиев.

Сөйтті де, журналистерге бұл сұрақты Әділет министрлігіне қойғаны жөн болатынын меңзеп құтылды.

Бәрібір бұл мәселе бойынша «Жапонияда шалқып жатқан» Нұрбол Сұлтан аты-жөнінің қайта-қайта аталуында бір гәп бар сияқты...