30.12.2019, 20:46

Татарстан президенті қамаудағы Атамбаевтың жұбайына көлік сыйлады

Атамбаевтың жақтастарына қатысты қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Социал-демократиялық партия екіге бөлінді.

Татарстан президенті Рустам Минниханов қамауда отырған Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың жұбайы Раисаға автокөлік сыйлады. Бұл туралы Атамбаев негізін қалаған Социал-демократиялық партияның баспасөз қызметі мәлім етті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ РИА Новостиге сілтеме жасап.

Атамбаевтың жақтастарына қатысты қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Социал-демократиялық партия екіге бөлінді. Бір бөлігі экс-президентке белсенді түрде қолдау білдірсе, екіншілері қазіргі биліктің тарапына ауысып кеткен.

"Татарстан президенті Рустам Минниханов Раиса Атамбаеваның қоғамдық көлікте отырған фотосын көріп, оған жаңа автокөлік сыйға тартты. Оған қоса, жүргізушінің жалақысы мен көлік жанармайын қосқанда, барлық шығындарды өзі көтерді", – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Социал-демократиялық партияның хатшылығы мәлім еткендей, Раиса Атамбаева Миннихановқа адамгершілігі, алаңдаушылық пен қолдау көрсеткені үшін шынайы алғыс білдірді.

Жақында Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков жыл сайынғы баспасөз конференциясында бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың төңірегіндегі жағдайға қатысты сауалдарға жауап берген болатын.

Мемлекет басшысы экс-президент Атамбаевтың тағдырына бейжай қарай алмайтынын айтып, бірнеше жыл бойы онымен бірге ел тағдыры үшін күрескенін еске салды.

Сондай-ақ бұған дейін Атамбаевтың өзіне қатысты сот отырысына қатысудан бас тартып, залдан шығып кеткенін хабарлағанбыз.