05.01.2020, 04:45

«Дат» Өтемұратовтікі болып шықты ма?»: сұраққа жоба жетекшісі Ермұрат Бәпи жауап берді

фото: bureau.kz
Әзірге жазба авторы тарапынан да, газет редакциясы жағынан да жауап болмағандықтан, әркім өз күдігін жазуға кірісті.

Әлеуметтік желіде «Дат» газеті еліміздегі ең бай бизнесмендердің бірі саналатын Болат Өтемұратовтікі екен деген қаңқу желдей есіп тұр. Сол себепті, оған жоба жетекшісі Ермұрат Бәпи де үн қатты, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Алдымен Нұртай Ерназар деген кісі facebook парақшасына «Сонымен «Дат» Өтемұратовтікі болып шықты ма? Бұған Ерекең не дер екен? Сонда кім кіммен күресіп жүр өзі? Бұл біз оқып жүрген «Дат» па, əлде басқасы ма? Түк білмейтін сияқтымыз ғой...» деген таңданысын жазды.

Ал оны өзге желі қолданушылар «Неге олай айттыңыз? Қайдан шығардыңыз?», «Оны қайдан білдің? Аңдамай Өтемұратов айтып қойды ма?», «Ақпарат қайдан?» дегендей сұрақтардың астына алды.

Әзірге жазба авторы тарапынан да, газет редакциясы жағынан да жауап болмағандықтан, әркім өз күдігін жазуға кірісті. Мысалы, Бақытжан Жүрсінбаев: «Қазақстанда шынайы ешнәрсе жоқ. Бәрі жасанды», - деп кесіп айтса, оның пікірімен детектив жазушы Елеусіз Мұратовтікі де үндес болып шықты.

«Өзім де мынандай тоталитарлық мемлекетте ақиқат пен ашығын айтатын басылым қайдан пайда болды деп күмәнданып жүр едім», - деді ол.

Ал Тынысбек Қоңыратбай есімді азамат: «Мемлекет қаржыландырып отыр дегенді естігелі көп болды ғой...», - деді сенімді түрде.

Осының бәрін оқып болған соң, пікірлер легін Ермұрат Бәпидің өзі түйіндей салды.

«Әлдекім аузына келгенін былжырады екен деп, ақталып сөйлер жайым жоқ! Газетті оқымаған адам оттай береді! Өтемұратов қожайыны болса, «ДАТ»-қа өзінің көкесі Назарбаевтың быт-шытын шығартып қояды екен! Былшылдақты да қисынын келтіріп жазу керек қой! Ал сол былжыраққа ілесіп, шәуілдей жөнелгендердің де ой-санасында мүкістік бар шығар!» - деп кіжінді «Дат» жобасының жетекшісі.