07.01.2020, 01:40

Көпбалалы аналарға атыраулық шенеунік те дөрекілік танытты

Оның өзі Кеңес отырысында бұл қылығын атаулы әлеуметтік көмек алушылар тізімін нақтылау барысында жүйкесінің сыр бергендігімен түсіндірді.

Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Нұрлы Хабиева көпбалалы аналарды сыйламағандығы және дөрекілігі үшін қатаң сөгіс алды, деп жазады жергілікті «Ақжайық» газеті.

Бұл ақпаратты Атырау облысы бойынша мемелекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті де растап отыр.

«Нұрлы Хабиеваның азаматтармен әңгімелесу барысында мемлекеттік қызметкер этикасын сақтамағандығы және оларға дөрекілік танытқандығы анықталды. Шағымданушылардың дәлелдері расталды», - деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.

Этика жөніндегі кеңеске орын алған осы дау-дамай туралы зардап шеккен 6 ана хабарлаған болатын. Олар Нұрлы Хабиеваның дөрекі сөздерін диктофонға жазып алған. Оның өзі Кеңес отырысында бұл қылығын атаулы әлеуметтік көмек алушылар тізімін нақтылау барысында жүйкесінің сыр бергендігімен түсіндірді.

Газет тілшісімен телефон арқылы болған қысқаша әңгімесінде Н. Хабиева өзіне берілген жазаға қатысты түсінік беруден бас тартты.

«Мен не айтам? Менің пікірім кімге керек? Не жазсаңыз да өзіңіз біліңіз!» – деп, тұтқаны тастап жіберді.

Нұрлы Хабиева қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімін 9 жылдан артық уақыт басқарып келеді. Бұған дейін де оның жұмыс әдісі және келушілермен сөйлесуіне қатысты шағымдар болды.

Журналистердің өздері де оның «қызу» мінезімен жақсы таныс. Бірақ, шамасы, бізде «суға салсаң батпайтын» қызметкерлер әлі де бар екен.

Еске сала кетсек, былтыр елордалық көпбалалы аналарға қала әкімінің орынбасары дәл осылай қоқаңдаған болатын.