Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан facebook парақшасына жекелеген бай-манаптардың қолындағы игерусіз жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесіне халықтың да жаппай үн қосуы керектігін жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Достар, бүгін маған келген ақпаратқа сенсек, дәл ертең космомониторинг туралы бұйрық Әділет министрлігінің тіркеуіне кіру керек. Министр Марат Бекетаевпен ауызша келісуім бар – жылдам тіркеп қою керек. Яғни бірнеше күнде қолымызда бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарудың заңды я нақты құралы пайда болады, амандық болса», - дейді ол.
Енді олар келесі жарты жылда бұл жұмысты ауыл шаруашылығына арналған ең көп жерлері бар Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарынан бастамақ. Бұл ретте, Маңғыстау облысындағы бір адамның қолында қалған 2 миллион гектар (үш Латвияның көлемі!) жайылымдық жерді де бастапқы жоспарға кіргізуі мүмкін.
«Бұл жұмыс, латифундистерден жерді мемлекеттік меншігіне қайтару – 18 ғасырдағы жоңғарлардың жерімізді босатуынан кем емес деп санаймын. Әлбетте, «қу барыгаларға» бұл бастама ұнап тұрған жоқ. Сондықтан бұл іске бір жұдырықтай жұмылып, бәріміздің атсалысқанымыз жөн. Сонда жеңеміз. Оған қоса, заң біздің жағымызда болады», - деп отыр Мұхтар Тайжан.
Сол үшін әр облыс, әр аудан, тіпті, әр ауылдан өздеріне көмегі тиетін белсенді азаматтардың шыққанын қалайды.
«Нақты өз ауылыңның жерлерін заңды жолмен босатуға дайын болыңдар, бауырлар!» - деп ұрандатқан ол, жерімізді латифундизмнен босату – қазақтың баюына, ұрпақтың баянды болашағына жол ашу деген сөз екенін де еске салып қойды.