$ 524.65  552.19  5.14

«Балқаш Аралдың кебін киюі мүмкін»: Қытай Қазақстан көліне Іле өзенінің құюын тежеп отыр

Мәселе Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы келісімнің жоқтығында екен. Соның кесірінен Қазақстан Қытай жіберген суға ғана тәуелді болуға мәжбүр.
фото: eltourism.kz
фото: eltourism.kz

Аралдың тағдыры Балқаштың да басынан өтуі мүмкін. Бұл жайында Орталық Азия су ресурстарын басқару мәселелері бойынша Алматы қаласында өткен халықаралық конференцияда айтылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, forbes.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түркіменстаннан жиналған ғалымдар Арал бассейні мен Балқаш көліне төнген қауіпке кеңінен тоқталды.

Мәселе Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы келісімнің жоқтығында екен. Соның кесірінен Қазақстан Қытай жіберген суға ғана тәуелді болуға мәжбүр. Ал трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы келісімге Қытайдың өзі қол қоймағаны мәлім.

Ғалымдар 2020 жылы Қазақстанға Қытайдан ағып келетін өзендердің жылдық мөлшері 81,6 текше шақырым болса, 2030 жылы ол 72,4 текше шақырымға дейін азаюы мүмкін деп отыр.

«Қытай суармалы жерлерді кеңейтуге көңіл бөліп отыр. Бір жылдың ішінде суармалы егістіктің аумағы 2 миллион гектарға дейін көбейген. Ал Іле өзені Қытайдағы егістіктің қазіргі уақытта 1 миллион гектарын суарып отыр. Іленің суы жыл сайын азайып барады. Қазақстанға бұл кәдімгідей сезіліп жатыр.

Ал Іле өзені – Балқашқа құятын судың 80 пайызын әкелетін арна. Балқаш та Аралдың кебін киюі мүмкін деп шырылдап отырғанымыз содан. Қазір қазақ-қытай комиссиясы бұл мәселе бойынша жұмыс жасап жатыр. Бірақ, бәрібір де көп нәрсе көрші елдің қолында болып тұр», - дейді «Казгипроводхоз» институтының директоры Анатолий Рябцев.

Қытай елі егістікті суарудың заманауи әдіс-тәсілдерін қолданады. Сондықтан олар суды үнемдей алады. Бірақ, Қазақстандағы шаруалар әлі күнге дейін егінді атызбен суарады. Оның үстіне, Қытайдағы магистральды арналардың көбі бетонмен салынған, су ешқайда кетпейді. Ал Қазақстанда ондай жағдай жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары