Бүгін Қарағандыда көше аттарын өзгертуге қатысты қоғамдық тыңдау өтті. Кеншілер қаласында өткен бұл қоғамдық тыңдауға мыңнан астам тұрғын келіп қатысты. Үлкен залға сыймаған халыққа шенеуніктер екінші залды ашты, деп жазады «Жас Алаш».
Биліктегілер халықтың сұранысымен әуелгіде мағынасы ескірген 11 көшенің атын ауыстыруды күн тәртібіне шығарған. Алайда, қоғамдық тыңдауда 10 көшенің атын өзгертуді ұсынды. Мамандардың айтуынша, Черкасская көшесінің атауын өзгертуді техникалық себептерге орай кейінге қалдырыпты.
Айта кету керек, өзгертуге қойылған көшелердің басым бөлігі – тарихи мағынасы жағынан ескірген орыс тіліндегі атаулар. Қаланың орталық көшесінің бірі Ленинге Абай есімін беру, Защитная көшесіне Потанин, Кувская көшесіне Қазыбек Нұржанов, Приканальная көшесіне Сарыарқа атауларын беру тәрізді 10 көшенің атауын өзгертуге дауыс берілді.
Дауыс беру кезінде халық «Ленин керек емес, Абай көшесі деп аталсын» деп ұрандап кетті. Жиналған халықтың басым бөлігі көше атауларын өзгертудің уақыты келгендігін айтты. Бес-алты қала тұрғыны ғана «Ленинге» араша түсті.
«Ленин – біздің тарихымыз. Оның еңбегі бар. Сондықтан аты қалсын», - деп еді қала тұрғыны Нина Серова, халық шулап сөзін аяқтатпай тастады.
Қоғамдық тыңдалу кезінде қазақша білмейтіндіктен орысша сөйлеген қала тұрғыны Ержан Рыспаев: «қаншама қаражатты босқа көше атын өзгертуге жұмсағанша, аялдамаларды жөндеп, жолдың сапасын жақсартпайсыңдар ма?» - деп наразы пікірін білдірді.
Бұған қарсы шыққандар көп болды. Топ арасынан ортаға шыққан кәсіпкер Ержан Әшімов «кәсіпкер ретінде қаншама қаражатты салыққа төлеп отырған адаммын, егер қажет болса осы көше атауларына кететін қаражатты мен төлеп берейін», - деп ұсыныс тастады.
Қоғамдық тыңдаудың қорытындысы бойынша, жиналған жұрттың барлығы дерлік көше атын өзгертуге дауыс берді. Шенеуніктердің айтуынша, көше атауы өзгергенде сонда тұратын тұрғындар қаражат жұмсамайды. Бюджеттен бұл шығындарды өтеуге 3,5 миллион теңге бөлінеді.
«Енді бұл қоғамдық тыңдаудың қорытындысын облыстық маслихаттың қарауына жібереміз. Мұндағы депутаттар қарсы болмайды деген ойдамын. Содан кейін бұл шешімді Республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жібереміз. Соңғы шешім сол жерде қаралады. Бұған шамамен үш-төрт ай уақыт кетеді деп ойлаймын», - деп мәлімдеді қалалық маслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанов.
Бір қызығы, кеңестік империяның көзін көрген бір қария қоғамдық тыңдауға қызыл ту ұстап келіп, жалғыз өзі оны жалаулатып жүрді.