Youtube желісіндегі «Тіл кеспек жоқ» бағдарламасында былтырғы «Жастар жылы» қалай өткені, оған бөлінген миллиардтаған теңге қаражаттың қайда жұмсалғаны туралы шолу жарияланды. Сонда айтылған дерек-дәйектерге сүйенсек, ол жыл да әдеттегідей жылтыраған кеңселерде бұрқыраған қағаздарды оқып, дөңгелек үстел, конференциялармен-ақ уақыт өткізуге арналғанға ұқсайды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сонымен, бекітілген Жол картасы аясында «Жастар жылына» бөлінген жалпы 121,9 миллиард теңге қайда жұмсалды? Мысалы, ол ақшаға билік жастарға арнап пәтер салуды, стипендияларды көтеруді, білім сапасын арттырып, жас ғалымдарға беретін қаражатты көбейтуді, ең бастысы, ауылдағы жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында оларға арзан несиелер беруді уәде еткен болатын.
Бұл ретте, «Қазақстан жастар ақпараттық қызметі» қоғамдық қоры сол уәделердің орындалған-орындалмағанын және ақшаның нақты қайда жұмсалғанын анықтап көрген.
Сондағы негізгі мақсат жастардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу болатын. Ал бүгінде қордаланған мәселеге жұмыссыздық, білім сапасының нашарлығы, қолжетімсіз баспана кіретіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан да әлгі 121,9 миллиард теңгеге кемінде 1000 жалдамалы пәтер салу, валантер студенттерге стипендияны 30 пайызға арттыру, жас ғалымдарға арналған грант санын көбейту, 20 университет пен 180 колледжді модернизациялау, ауылда бизнес ашуға жеңілдетілген несие беру, т.б. жоспарлар орындалуы тиіс-тін.
Бірақ, былтырғы жыл әдеттегідей жастарға арналған үлкен мерейтоймен басталды. Қаңтар айында Нұр-Сұлтан қаласында вайнерлер мен блогерлер жиналып, билікті мадақтап, тіпті, Маркетинг министрлігін ашуды ұсынған болатын. Осы бір «өспес балалардың өнбес әңгіме айтуларына» бюджеттен 250 миллион теңге жұмсалған. Сол сәтте билік студенттерге аватарларын «Жастар жылының» ресми логотипімен безендіруді мәжбүрлеп, әлеуметтік желілерді шулатып тастады. Оған қоса, Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев алдағы 3 жыл үшін қандай бағдарламалардың қабылданғанын мәлімдеді.
«Үшжылдық жол картасы қабылданғанын білесіздер. Осы жылдың өзінде сол мақсаттарға 90 миллиард теңге жұмсалды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істеуде. Оның аясында 170 мыңнан астам жастар қамтылды. Әрине, біздің «Жас маман», «Жас кәсіпкер», «Жасыл ел» және басқа да жақсы жобаларымыз бар. Біз әрқашан осы жобалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын талқылаймыз», - деді ол.
Қалай «талқылағандарын» қайдам, әйтеуір, «Жастар жылында» олардың тек біреуі – «Жас кәсіпкер» бағдарламасы ғана ептеп жүзеге асқан. Басқа жобалар бұдан әлдеқайда бұрын басталған десек, «Жас маман» жобасы әлі қолға алынған да жоқ.
Ал экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев министрлерге «Жас маман» жобасын құруды 2019 жылдың басында тапсырған болатын. Оны іске асыруға шамамен 58 миллиард теңге жұмсалуы да тиіс еді. Бірақ, бұл бағдарлама сол күйі орындалмай қалды. Министрлер болса, сол үшін бір-бірін кінәлай бастады. Мысалы, Қаржы министрі Әлихан Смайловтың айтуынша, бұл бағдарламаны жүзеге асыру ережелерін Білім және ғылым министрлігі дайындамаған. Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бағдарлама сол жылы басталуы тиіс болса да, оны толыққанды жүзеге асыруға алда әлі 2 жыл бар деген сылтау айтты.
«Біз 89 жобаның ішінде 13-ін орындадық. Қалған 76-сын 2-3 жылда орындаймыз. Сондықтан бұл бағдарламаның нәтижесін дәл қазір емес, 1-2 жылдан кейін айтуға болады», - деді ол.
Осы орайда бір айта кетерлігі, мемлекеттік бюджеттен жас ғалымдарды қолдауға ақша бөлініпті. Бірақ, оның нәтижесі туралы да ешқандай ақпарат жоқ. Мысалы, 2018 жылы Қазақстанның жас ғалымдары Нұрсұлтан Назарбаевтың атына гранттарды тарату жүйесінің әділетсіздігі туралы ашық жат жазған болатын. Ол хат шыққалы бері де ешқандай жағымды жаңалық естілмеді.
«Жастар жылы» аясында гранттарды 3 миллиард теңгеге көбейту туралы тапсырма берілгеннен кейін де сол кездегі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ғылыми кеңестердің отырыстары тікелей эфирде өтетінін мәлімдеген еді. Алайда, ешқандай ресми сайттардан ғылым жетістігі туралы бірде-бір жаңалық көрсетілмеді.
«Жұмыс істейтін жастарға арналған қолжетімді баспана» бағдарламасынан да шикілік шыққаны мәлім. Атап айтқанда, «мемлекеттен жалдамалы пәтер алуға өтініш берушілерге қойылар басты шарт – соңғы 5 жыл ішінде берілген жалақысы кемінде 101 мың теңге болуы керек» делінді. Әрине, бұндай шектеулер бағдарламадан үмітті жастардың басым бөлігін ол арманынан «аластап» та үлгерген.
Бұдан бөлек, «Жастар жылына» арнап 240 тендер өткізілген. Оның жалпы сомасы – 1,3 миллиард теңге. Соның көбі «Жасыл ел» бағдарламасына жұмсалыпты. Ал «Жасыл ел» дегеніміз – баяғы Кеңес дәуірі кезеңіндегі «стройотряд» сияқты жоба. Соның аясында жастар көшеге көшет отырғызып, гүл егіп, ағаштың түбін ақтап, сурау дегендей еңбектері үшін 80 мың теңге көлемінде жалақы алады. Болды.
Ал ол үшін ойнатылған тендерлер төңірегінде де басы ашық сұрақ көп. Лоттар кездейсоқ ойнатылып, көп жерде әділ бәсекелестік болмаған. Ақшаны ұтып алған ұйымдардың денін интернеттен табу мүмкін емес. Өйткені, олардың веб-сайты, әлеуметтік желілері жоқ. Тіпті, мемлекеттік сатып алу веб-сайтында бұл компаниялардың қызмет түрі де көрсетілмеген. Көрсетілген жағдайда да «басқа топтарға кірмеген басқа қызметтер көрсету» дегендей түсініксіз бірдеңелер жазылған.
Мысалы, Ақтөбедегі «Импульс Ақтөбе» деп аталатын компания ақпанда ашылып, наурызда 3 миллион теңгеге тендер ұтып алыпты. Ал Шығыс Қазақстандағы «Прогрестің катализаторы» деп аталатын компания тендерді облыстағы жастар саясатын дамытуға арналған 4,5 миллион теңгеге ұтып алған. Бір қызығы, бұл мекеме оған дейін ешқашан жастар саясатымен айналыспаған. Алайда, кейін онда жұмыс істейтін 5-ақ адам аяқастынан жастар саясатының сарапшысы болып шыға келді.
Міне, өйтіп-бүйтіп «Жастар жылы» да аяқталды. Бірақ, сол жылға жоспарланған көптеген бағдарламалар, Дәурен Абаев айтпақшы, 3 жылға есептелген. Сондықтан бастаманың толық нәтижесіне баға беруге әлі ерте сияқты. Алайда, ендігі 2 жылдан кейін оң нәтижелер мен олардың шығындары туралы толыққанды ақпарат алу дегеніңіз күмән тудырады. Себебі, 2019 жылғы тәжірибе көрсеткендей, «Жастар жылының» бюджеті әлі анық-қанық болмай тұр. Мемлекеттік сатып алулар мен тендерлер ашық емес. Маңызды ақпараттар жоқтың қасы...
Статистикаға сүйенсек, елімізде 3 миллион 800 мың жас бар екен. Олардың 2 миллионының тұрақты жұмысы бар. Ал тіркелген жұмыссыздар саны былтыр жыл басында 81 мың адам болса, жыл аяғында 200 мыңға жеткен. Арнайы «Жастар жылы» аясындағы көрсеткіш бұл. Міне, гәп қайда жатыр?!.