17.01.2020, 05:55

«Қазағы қалың Арқалықта ауыл, көше атаулары әлі орысша»: жергілікті азамат әкімдікке өз ұсынысын айтты

«Мысалы, қалаға жалғасып жатқан Родина, Новый, Западный, Дорожник, Камышы, Северный елді мекендерін алайық. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуық уақыт өтсе де бұл атаулардың ешқайсысы өзгермеді».

Таяуда Қарағандыда 10 көшенің атауы өзгеріп, қала орталығы әжептәуір қазақыланып қалған еді. Сол игілікті істі алға тартқан торғайлық Марат Қайсарбекұлы деген азамат facebook парақшасына Арқалық қаласында да Кеңес заманынан бері келе жатқан орысша атаулардың көп екенін жеткізді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ескі атаулардан арылайық

Арқалық қаласының әкімдігі, мәслихаты, Ақсақалдар кеңесі мен жалпы тұрғындарына үндеу тастаған намысты жігіт ол жақта осы бағытта жасалған жұмыстар мардымсыз екенін айтты.

«Мысалы, қалаға жалғасып жатқан Родина, Новый, Западный, Дорожник, Камышы, Северный елді мекендерін алайық. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуық уақыт өтсе де бұл атаулардың ешқайсысы өзгермеді. Көше аттарын ауыстыру әлдеқашан жүруі тиісті еді. Өкінішке қарай, ол мәселе де кешеуілдеп тұр. Енді уақыт өткізе берудің жөні жоқ. 2021 жылы егемен ел болғанымыздың 30 жылдығын атап өтеміз. Соған орайластырып биыл және келесі жылы аймақтағы елді мекен мен көше атауларын жаппай өзгерту қажет. Бұған жергілікті халық дайын деп ойлаймын», - дейді Марат Қайсарбекұлы.

Осы орайда, ол өңір басшылығының қаперіне тың ұсынысты да салып қойды. Айтуынша, бізде көбіне көшелерге белгілі тұлғалардың аты беріледі. Алайда, жүздеген, мыңдаған көшелер барын ескере отырып, оларға сол аймақтағы жер-су, ауыл, сондай-ақ, тарихи орындардың аттарын берсек орынды болар еді деген игі тілегі бар.

Жаңа атауларды жатырқамайық

«Үлгі ретінде елордамыз Нұр-Сұлтан қаласын алайық. Қаладан еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан тарихи, географиялық маңызы бар, тұтас бір өңірдің атын алған жер атауларын көріп жүрміз.

Мысал үшін қаланың бір ғана Көктал аталатын бөлігінде Арқалық, Ақмола, Тарбағатай, Ұлытау, Сарыағаш, Жұмбақтас, Нұра, Айыртау, Зайсан, Амантоғай секілді көшелер орналасқан. Қаладан бұдан басқа да еліміздің әр аймағының жер-су, елді мекен аттарын алған жүздеген көшелер табасыз. Қандай тамаша! Бүкіл Қазақстанның көрікті жерлерінің атын бір ғана Елордадан кездестіресіз», - деген ол, Арқалық қаласындағы көшелерді де осы тәсілмен ауыстырған дұрыс деп есептейді.

«Тек көшелерге беретін атау ретінде осы өңірдің өзін алсақ жеткілікті. Торғай аймағы да жер аттарынан кенде емес.

Мысалы; қазіргі Жангелдин ауданына қарасты Аққұм, Ақкөл, Аралбай, Көкалат, Ақшығанақ, Шилі, Милісай, Тәуіш, Қызбел, Сужарған секілді, Амангелді ауданында орналасқан Шөптікөл, Амантоғай, Байғабыл, Тасты-талды, Қарынсалды, Ақтас, Саға сынды, Арқалық қаласына қарайтын аймақтардан Сарыторғай, Қараторғай, Ашутасты, Сарыөзен, Көктау секілді елді-мекен аттарын орысшасы әлі «мұрты бұзылмастан» тұрған Родина ауылындағы көшелерге немесе қаланың жоғарыда аталып өткен басқа да бөліктеріндегі көшелерге беріп жатса, жарасымды емес пе?!.

Торғай жерінде атын көшеге беруге болатын тарихи орындар да бар. Екідің, Дулығалы мешіті, 1916 жылғы ең үлкен ұлт-азаттық көтеріліс өткен Татыр, Доғал-Үрпек секілді тарихи орындарға лайықты көше атын беріп жатсақ, бұл да аталған жерлердің халық жадында сақталып, біліп жүрулеріне сеп болар еді», - дейді туған жерінің жас жанашыры.

Елдігімізді Тәуелсіздіктің 30 жылдығында көрсете алмасақ...

Торғай өңірінде бұл аталғандардан басқа да табиғаты көркем жер, өзен-көлдер мен тарихи орындардың баршылық екенін, өзі тек кейбір есіне түскендерін ғана жазғанын ескертіп өтті. Сондай-ақ, сол аймақтағы жер, елді мекен аттарын Арқалық қаласындағы көшелерге берейік деуінің себебін де түсіндірді.

«Біріншіден, орыс тіліндегі атаулардан арылу. Екіншіден, Арқалық бұрын Торғай облысының орталығы болса, қазір осы аймақтың экономикалық, рухани тірегі болып отырған жалғыз қаласы. Үшіншіден, соңғы 20-30 жыл ішінде қала айналасы мен қазіргі Амангелді, Жангелдин аудандарынан бірнеше мыңдаған халық Арқалыққа көшіп келіп орналасты.

Қала аталған аудандардан көшіп келген халықтың «екінші ауылына» айналды десем, көпшілік келісетін шығар. Енді бұрын өздері туып-өскен елді мекен, жердің атын көшеден көру халыққа да жақсы көңіл-күй сыйлар еді. Төртіншіден, аймақтың басты тарихи жерлерінің көше аты ретінде қалаға жаппай берілуі, нағыз РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ болар еді», - дейді.

Сөз соңында ол кейбір орыстілділері басым жерлердің өзінде қарекет қылып, дау-дамай арқылы болса да көптеген елді мекен мен көшелердің атын қазақшаға ауыстырып жатқанда, қазағы қалың Арқалық қаласында бұл мәселенің әлі сол қалпы өзгеріссіз тұруы елдігімізге сын екенін баса айтты.