$ 494.87  520.65  4.91

«18 жыл даяшы болған»: ҚР Президенті іс басқарушысының орынбасары Ерлан Оразбай – ел аузында

Тек 2011 жылы ғана, яғни 32 жасында «Тұран Астана» университетін, ал 37 жасында Қазақ технология және бизнес университетін аяқтаған. Бірақ, жұмысын теориялық мамандығы емес, сол бұрынғыша кәсіби саласы бойынша жалғастырды.

Қазір әлеуметтік желі белсенділері 2019 жылдың 26 желтоқсанында ҚР Президентінің іс басқарушысы Ерлан Баттақовтың орынбасары болып тағайындалған Ерлан Оразбайдың мансаптық жолын талқылап отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Сонымен, ҚР Президенті іс басқарушысының орынбасары Ерлан Оразбай 1979 жылғы 13 қарашада Өзбекстан Республикасының Ташкент облысына қарасты Чирлик қаласында дүниеге келген.

Еңбек жолын 2002 жылы ҚР Президенті іс басқармасының «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» РМК «Салтанат Сарайы» қабылдау үйінің даяшысы болып бастаған.

2004-2005 жылдары ҚР Президенті іс басқармасының «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» РМК №1 асханасының даяшысы болып жұмыс істеген.

2005-2012 жылдары ҚР Президенті іс басқармасының «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» РМК-ның «Ақорда» резиденциясындағы асханасының даяшысы болған.

Тек 2011 жылы ғана, яғни 32 жасында «Тұран Астана» университетін, ал 37 жасында Қазақ технология және бизнес университетін аяқтаған.

Бірақ, жұмысын теориялық мамандығы емес, сол бұрынғыша кәсіби саласы бойынша жалғастырған ол, 2012-2013 жылдары ҚР Президенті іс басқармасының «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» РМК №1 асханасының метрдотелі, «Қараөткел» РМК «Қызылжар» резиденциясының метрдотелі болып жұмыс істеді. Ал метрдотель дегеніміз – мейрамхана, қонақ үй сынды мейманы көп мерекелі орындардың бас даяшысы.

Одан кейін Ерлан Оразбай 2013-2017 жылдары «Қараөткел» РМК директоры, 2017-2019 жылдары «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» РМК директорының орынбасары қызметтерін атқарған.

Жинақтап айтқанда, тек Ақорда төңірегіндегі асханаларда 11 жыл бойы (2002-2013 жылдар аралығы) зыр жүгіріп, тамақ тасып жүріп өскен азамат.

Енді осы мансап жолын желіде желдей естіріп отырғандардың арасында «Президенттің ісін басқару – президент әкімшілігі емес. Олар ас үй, тұрмыстық шаруашылық, көлік үшін жауап береді. Онда бес орынбасар бар. Бұл жігіт осы жүйеде 15 жылдан астам уақыт жұмыс істеді. Орынбасар болуы – заңдылық» дегендей түсінушілік танытқандар да, тіпті, шыр-пыр болып қорғаштап, «жатыпатарларға» жатып кеп ашуланып жатқандар да бар.

Қызды-қыздымен бір сайт оны «18 жыл даяшы болды» деп те жазып жіберіпті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары