24 қаңтарда Нұр-Сұлтанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Айтулы жиынға Шымкенттің су жаңа әкімі Мұрат Әйтенов әдеттегідей ұшақпен емес, пойызбен келе жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкімнің «Тальго» пойызының купесінде отырған фотосуреті WhatsApp мессенджері арқылы тарады. Онда Мұрат Әйтеновтің қолындағы қағаздағы мәліметтерді оқып отырғанын аңғаруға болады.
Айта кетейік, ауа райының бұзылуына байланысты Нұр-Сұлтан әуежайына келуі және ұшуы тиіс рейстер кейінге шегерілді. Синоптиктер екпінді жел астанада тағы екі күн тұратынын айтып отыр.
Ал Мұрат Әйтенов Шымкентке әкім болып 21 қаңтарда тағайындалды. Ол бұған дейін қаланы 5 айдай басқарған Ерлан Айтахановты алмастырды.