$ 494.87  520.65  4.91

«Әкемнің күйін кешемін»: Айсұлтанның айтқаны – үлкен хикаяның кіріспесі ғана (ФОТО, ВИДЕО, толық нұсқа)

Ал Айсұлтан Рахат екі сөзінің бірінде «Менің атам бәріңізге болған жайтты айтып бере алады» дей беруі арқылы нені меңзеп тұр? Көп ұзамай, Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды мәлімдеме жасауы тиіс қой?

Кеше экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Айсұлтан Рахат facebook парақшасында бірнеше даулы пост жазған еді. Ол жазбалары қазір желіде қызу талқыланып жатыр. Ал айтқан ақпараттарының рас-өтірігін анықтау үшін біздің журналистер мен қоғам белсенділері бірінен соң бірі Айсұлтанның facebook парақшасында көрсеткен телефон нөміріне хабарласып шықты. Алдымен Holanews.kz сайтының тілшісі бейнежазба арқылы тікелей сөйлесіп, желідегі барлық жазбаны оның өзі жазғанын анықтады.

Енді оқырманның әр ақпараттың басын бір шалып, алтын уақыттарын босқа кетіріп отырмауы үшін Айсұлтан Рахаттың (ресми түрде Назарбаев) кімге не айтқанын жинақтап, бір-ақ мақала етіп ұсынғанды жөн көрдік. Әліптің артын бағып отыра берген жарамас.

«Мен 2019 жылдың 8 маусымынан бастап fecebook парақшасын қолдана алмадым. Парақшамды анам мен Әлнұр Мұсаев қолданған. Мен түрмеде болдым. Сондай-ақ, жақындарым мен менің арамда біраз мәселелер туындады. Менің атам бәріңізге болған жайтты айтып бере алады деп ойлаймын. Ата, біз жеңдік!» деп жазды ол бірінші.

Соған қарағанда, оның былтыр маусым айында Лондон қаласындағы пәтерлердің бірінде ұсталғанында да бір гәп бар сияқты. Есірткі тұтынып, полицияның қолын тістеп алғаны – әншейін, бергі жағы екен. Себебі, ол кеше өзін біреулердің өлтіріп кетуі мүмкін екенін мәлімдеді.

«Егер мен олардың маған жасаған барлық іс-әрекеттерінен кейін аман қалған болсам, бұл – Алла мен оның ұлы Исаның және киелі күштің мені қорғағаны. Олар сізді де қорғайды. Жақын арада мені өлтіріп кетеді немесе әкемнің күйін кешемін. Мені өз-өзіне қол жұмсап, асылып қалған жынды деп көрсетіп, соны дәлелдеуге тырысады. Менің күшім Алламен және оның ұлы Исамен, киелі күшпен бірге» деп жазды Айсұлтан Рахат.

«Алла», «Иса» деген сөздерді қосып айтып отырған діни наным-сенімі де ала-құла баланың қатар-қатар жариялаған барлық жазбасы екіұшты жазылған. Ішін өртеген бар шындықты айтқысы келсе де айта алмай, жөпелдемеде ойын жинақтауға шамасы келмей жатқанға ұқсайды. Сөйте тұра, әлемнің кез келген телеарнасына шындық айтып беруге дайын екенін жеткізіп үлгерді.

«Адамдар, мен өзіме қандай қауіп-қатер төнсе де әрқашан шындықты айттым! Мен әлемнің кез келген телеарнасына әлемде не болып жатқанын айтып беруге және көрсетуге дайынмын. Бірақ, ол әлемдегі барлық мемлекеттік телеарналар көрсетіп жатқан иллюзия емес», - деді кезекті жазбасында.

Ол шындықтарының ең бастысы – сол постарының бірінде айтқанындай, өзінің Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі емес, туған ұлы екендігі болуы керек. 1990 жылы 26 тамызда өмірге келген Айсұлтан Назарбаев: «Менің анам атамды мен оның баласы болғандықтан қармақта ұстады» дегені – шым-шытырық хикаясының негізгі өзегі сынды.

Кеше «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Инга Иманбай да Айсұлтан Рахатқа хабарласқанын видеоға түсіріп, оны өзінің facebook парақшасына жариялады. «Маған туған анамнан қауіп төніп тұр. Оны түсіндіру үшін және анамның көп жылдар бойы немен айналысатынын айтып беру үшін өте көп уақыт керек», - деді сонда ол. Сол сәтте байланыс үзілген.

Жалпы, Айсұлтан Рахат журналистер хабарлассын деп желіге телефон нөмірін жазып қалдырғанда да біреулердің байланысқа қайта-қайта кедергі жасап, желіні үзіп отырғанын ескерткен болатын.

Сонда да өйтіп-бүйтіп жүріп, қоғам белсендісі Ержан Тұрғымбайға телефон арқылы қысқаша видеосұхбат беріп үлгерді. «Байланыстың нашарлығынан» ол әңгіме де қайта-қайта үзіле берді. Ержан Тұрғымбайдың сұрақтары анық естілгенімен, Айсұлтан Рахаттың жауаптары құлаққа еміс-еміс шалынады.

Сол сәтте ол алдымен атасы Нұрсұлтан Назарбаевпен сөйлесіп алып, содан кейін «жаһандағы нәзік тақырыптар» бойынша әңгіме қозғағысы келетінін айтты. Оның айтуынша, бір қарағанда кез келген адамға абсурд болып көрінетін магияның саясаттағы мүмкіндігі өте жоғары көрінеді.

«Анам әкемді жер жастандырып, оны атама жапты. Осы арқылы атамды Еуропаның алдында диктатор қылып көрсетуге тырысты. Анам ұзақ уақыт бойы атаммен байланыс жасауға кедергі келтіріп, нағыз әкемнің атам – Нұрсұлтан Назарбаев екенін жасырып келді», - дегенді тағы бір қайталады. Қоғам белсендісінің «Бұны қайдан білдің?» деген сұрағына «Бір адам айтты» деп жауап берді. Алайда, ол адамның есімін атаған жоқ. Бәлкім атар ма еді, егер байланыс дәл осы тұста да үзіліп кетпегенде...

Айтуынша, бұл ақпараттарды жалпақ жұртқа жария етуіне шешесі Дариға Назарбаеваның өзіне қауіп төндіруі себеп болған. «Менің анамның бір ғана мақсаты бар: Қазақстан президенті болу. Менің бұл өмірде болуым оған кедергі болып тұр. Өйткені, атам әрдайым маған билікті бергісі келетін. Мен бір-ақ нәрсені қалаймын: өлерімнің алдында атаммен кездескім келеді», - дейді шарасыз кейіптегі шаршаңқы ұл.

Ал белгілі жас саясаткер Жанболат Мамай Айсұлтан замандасының аяқ астынан ашық сұхбатқа шығуынан өзінше пайым жасап көрді.

«Айсұлтанның мынадай күйінде сұхбат беріп, ел алдына шығып, халықты дүр сілкіндіретін сөздер айтуы, оның ішінде Назарбаев – менің әкем, ал Дариға – шешем, ол «сиқыршы» деуі бұрынғы президенттің билікті уысынан шығарғанын айғақтайды. Егер бұрынғыдай монолитті билік болып, күштік құрылымдардың барлығы қолында болса, Айсұлтанның күні бойы журналистерге жауап беруі мүмкін болмас еді. Демек, Назарбаевтың жеке билігі әлсіреп, жоғары билік арасында саяси тартыс ашық басталды деген сөз.

Екіншіден, Айсұлтанды бұлай айтуға итермелеп, анадай күйінде сұхбат бергізіп тұрған ықпалды күштер бар. Егер видеоны анық қарасаңыз, Айсұлтан не есінен адасқан, не әлдебір есірткінің буына мастанып тұр. Ал оның бәрін кім ұйымдастырды? Әрине, билікке таласып, саяси тартысқа ашық түскен топ кірісті деген сөз.

Үшіншіден, мынадай масқарадан кейін Назарбаевтың екі-ақ жолы қалды: не жақын уақытта күштік құрылымдардың ішінде жаппай репрессия басталады, не оның өзі биліктен аластатылады.

Төртіншіден, не Назарбаевтың, не Дариға Назарбаеваның, не басқа да отбасы өкілінің шығып, бұл мәселеге ләм-мим демегеніне қарағанда, қауіпсіздік кеңесі төрағасының өзі қазірдің өзінде биліктен шеттетілген болуы мүмкін. Ал ол туралы ақпарат аз уақыттың ішінде Айсұлтанның айтқаны айдай әлемге жайылған соң тарайды», - дейді Жанболат Мамай.

Алайда, Жанболат шамалағандай, Айсұлтанның отбасы мүшелері балаларының «тентектігіне» ләм-мим демей қалған жоқ, сірә. Мәселен, бүгін Сенат төрағасы Дариға Назарбаева таңертеңгі жұмысын қолданысқа «арандатушылық әрекеттері үшін құқық қорғау органдарының жауапкершілігін арттыруды, сондай-ақ, куәлік негізінде ғана қылмыстық қудалау мен соттылыққа тыйым салуды» ұсынудан бастады.

«Сенат заңдарды қабылдау кезінде мынадай мәселелерді шешуді қамтамасыз етуі қажет. Азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін арттыру. Құқық қорғау органдары немесе арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің арандатушылық әрекеттері үшін жауапкершілігі күшейтілуі тиіс қылмыстық жауаптылыққа тартуға және соттауға тек куәгерлік айғақтар негізінде және жеткілікті дәлелдемелер жиынтығымен расталмаған жағдайда ғана тыйым салынады», - деді Дариға Назарбаева.

Заң тілі қарапайым жұртқа түсінікті бола бермейді, әрине. Бірақ, осындағы қарамен ерекшеленген сөздер «соқырға таяқ ұстатқандай» емес пе? Ал Айсұлтан Рахат екі сөзінің бірінде «Менің атам бәріңізге болған жайтты айтып бере алады» дей беруі арқылы нені меңзеп тұр? Көп ұзамай, Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды мәлімдеме жасауы тиіс қой?

Айтпақшы, Айсұлтанмен журналистер мен қоғам белсендісі ғана емес, қарап жатпай, осындай мүмкіндіктерді жақсы пайдаланып қалудың хас шебері Мұхтар Әбілязов та сөйлескен. Демек, Айсұлтанның «айды аспанға бір-ақ шығаруы» – кеше айтылып, бүгін ұмытылатын «баланың әңгімесі» емес. Әлгінде ғана өзіміз атап өткен үлкен хикаяның кіріспесі ғана.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары