$ 494.87  520.65  4.91

«Мұғалімдерге жұмыс жоқ па бүгін?»: әкім есебіне тізіммен кіргендердің көбі ұйықтап отыр (ФОТО)

Ауданның қарапайым тұрғындары есептік кездесуге ұстаздар мен балабақша қызметкерлерін осылай тізім бойынша кіргізетінін айтады.
фото: Абай Нұржанұлы
фото: Абай Нұржанұлы

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбековтің жылдық есебі қарапайым тұрғындарға қарағанда мұғалімдерге қатты керек болған сияқты. Өйткені, әкім есеп беретін залдың басым бөлігін мұғалімдер мен балабақша қызметкерлері толтырды. Бұл жағдайға кейбір тұрғындар ұстаздарды жұмыс уақытында жиынға жинау әкімдердің әдеттегі «сценарийі» деп наразылықтарын айтты. Сонымен қоса, жиналыс барысында басшыға қойылған бірқатар сұрақтардың да нақты шешімі айтылмай қалды, деп хабарлайды malim.kz.

Жиын басында алдарында ақ парағы бар екі азамат есеп беретін залдың кіре берісіне келгендерді тізімге тізіп отырды. Алайда, журналистерге онда кімдердің аты жазылғанын барынша көрсетпей, жасырып қалғылары келді. Ауданның қарапайым тұрғындары есептік кездесуге ұстаздар мен балабақша қызметкерлерін осылай тізім бойынша кіргізетінін айтады.

Тізім түгелденіп, зал толғасын әкім Мұса Қалдарбеков жарты сағаттан асатын жылдық есебін жіпке тізе бастады. Баяндама барысы әдеттегідей көбінің қалғып-мүлгуімен өтті. Ал сұрақ-жауап кезеңіне келгенде мұғалімдерді есеп үшін жинауға қарсылық білдіргендер болды.

«Мұғалімдерге жұмыс жоқ па бүгін, сіз есеп береді деп? Жылда осылай отырады. Сабақ қайда? Көшелер неге асфальтталмай жатыр? Шыңғыс Сыдықовтың көшесінің бәрі абаттандырылған. Бәрі қойылған. Біздің орталыққа неге қойылмайды сол? Әкім болып, өзіне қарай тарта беру керек пе?» – деді залда отырғандардың бірі.

Ал бұл сұраққа әкім мардымды жауап бере алмады.

«Көше, жарықтандыру бәрі дұрыс. Ол бізге керек. Біздің міндетіміз. Оған қаржы керек. Директор, мұғалім деп жатырсыз. Жұрттың бәрі ерікті түрде келеді», – деді Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков. Алайда, ерікті түрде келеді дегендердің жиын басында неліктен тізімге тізілгені белгісіз.

Бұдан бөлек, көтерілген мәселелердің бірі – аудан жұртшылығының үрейін жылда ұшыратын Сырдарияның қаупі.

«Дарияның суы жылда асфальттың жағасына барып жатады. Оның алдын алу, басқа жерден тоғандар салу деген жоқ. Батыс Қытай-Батыс Еуропада шетелдіктер жүріп жатады. Көшенің бойында үлкен болып дамбы тұрады. Бұл әбестік болмай ма?» – деді ауданның тағы бір тұрғыны.

«Осы сұрақты хаттамаға кіргізейік. Қалай болатынын жоспарлайық. Болмайтын жағдайда неге болмайтынын айтамыз», – деп қысқа қайырды әкім.

Жолымыз жоқ, жарығымыз жоқ және тағы басқа тікелей әкім жауапты бірнеше сұрақтар қойылды. Оған «біраз мәселені шешеміз, жоспарлаймыз, жолға қоямыз» деген жауап берілді. Бірақ, бірқатарының нақты қашан екені де айтылмады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары