$ 443.85  474.3  4.8

Тшановтың колледжінен қуылып, Сәпиев «тәртібі нашар» деген таэквондошы жеңіске жетті (ВИДЕО)

«Осы чемпионатқа әркімнен ақша жинап, әрең кеткеніңді білем. Енді жүрсің, осы елдің жалауын көтеріп».
фото: olympic.kz
фото: olympic.kz

Әлеуметтік желіде таэквондодан шетелдегі жарыстардың бірінде Қазақстан туын желбіреткен бозбаланың видеосы тарады. Ал оны экс-депутат Амалбек Тшановтың колледжі сабақтан шығарып, жаңа депутат Серік Сәпиев «тәртібі нашар» деп бағалаған көрінеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Белгілі заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбектің айтуынша, қазақ баласы 1-орын алған бұл жарыс Дубайдың Фуджейро қаласында өткен.

«Спорт және мәдениет министрлігі керек етпеген Нұрасыл бүгін Дубайда, Фуджейро қаласында 1-орын алды. Қолына байрағын алып секеңдеген құлыным-ау, мемлекетке сенің жеңісің керек емес! Сен бұл елге бағынып құл болып, жемқорлардың қарнын тойдыру үшін керексің! Осы чемпионатқа әркімнен ақша жинап, әрең кеткеніңді білем. Енді жүрсің, осы елдің жалауын көтеріп.

Чемпион ағаң Серік Сопиев сендерді «тәртібі нашар» деп айтты кешегі сұқбатында. Чемпион ағаңды да креслоның буы ұрыпты, ботам. Білім алып жүрген колледжіңнен достарыңмен заңсыз шығарғандарымен қоймай, енді тәртіпсіз, бұзық балалар қылып көрсетіп жатыр сендерді. Нұрасыл балапан, бұл жемқорлық жайлаған жүйе сендерді ерте есейтті. Бұларды тек шыққан биікпен, жеткен жетістікпен жеңеміз!

Сендерді шет ел мойындағанда ғана түстен кейін маңырап шығады, «біз қолдағанбыз» деп. Мықты бол балапан, жеңісің құтты болсын!», - деп тебіренді Айгүл Орынбек facebook парақшасында.

Жеңімпаз жасөспірімді өзі және қара халық әрқашан қолдайтынын ескерткен заңгер, оның сағының сынбауын, қолындағы көк байрақтың түспеуін тіледі.

«Жасы сексенге келген зейнеткер, Тшанов мырза басқаратын колледждің шығарып жіберген оқушысы бүгін жеңіске жетті», - деп түйіндеді сөзін, «қолда барда алтынның қадірін білмейтін» шенеуніктер елі екенімізді меңзеп.

Сондай-ақ, өзге желі қолданушылар да «Осы жеңісіңнің акшасын бөліссең, сені көтермелейді. Коррупциялық басшылар», «Жүйеге ұнамасаң, сенің мықты, білімділігіңе қарамай, лақтырып тастайды, өкінішке орай», «Шын мықтыға құрсау жоқ» деп жазысты.

Ал Жансерік Баймырзаев есімді азамат: «Жеңісің құтты болсын! Алға ұмтыл! Мойыма, балам! Не шықса да тентектен шығады. Ынжықтан, қорқақтан түк те шықпайды. Қазір қазақты басқарып отырғандар өңкей ынжық, қорқақ, тупойлар, шал-шауқандар, жағымпаздар ғой. Бұлардан да құтылар қазағым», - деп шырылдады.

Сонымен қатар, Ыбрайым Марлен деген азамат та бір шындықтықтың ұшын шығарып қойды. «Нұрасылдың жеңісі құтты болсын! Бердібек Сапарбаев мырза өз сөзінде «биылғы жылы Токио қаласында өтетін Олимпиада ойынына 17 лицензия алған, біздің ел үшін аз көрсеткіш, 100-ге жеткізуіміз керек» деген. Қайдан жетеміз, осындай талантты жастарымызға қолдау болмаса, оқудан қудаланса?! Еліміздің спорты қайдан дамысын?!» - деп күйінді ол.

Чемпионның әкесі Қуандық Ақылбайұлы болса, бұл ретте сабырлылық танытты.

«Сəлеметсіз бе, Айгүл ханым! Нұрасылдың əкесі ретінде баламның жеңісіне ортақтасып, қуанышты хабармен бөлісіп, жазған жылы лебізіңізге үлкен рақметімді айтамын! Өткенде біздің баларымыздың проблемасын ести сала, дереу Алматыға келіп, бір топ ата-ана мен бапкерге қол ұшын беріп, көмегіңізді аямағаныңыз үшін алғысым шексіз. Нұрасылыма қолдау көрсетіп, құттықтау сөздерін жолдап отырған айналайын қазағыма көп-көп рақмет!!! Жеңісті күндеріміз көп болғай!» деп жазды ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары