$ 449.58  486.94  4.86

«Ғимарат Александр Машкевичтікі»: Алматыда Алаш арыстарын азаптаған түрменің орнына қонақүй ашылды

Сонда ол жерге келген адамдар осының бәрін біле тұра, қалай тыныш ұйықтайды екен?
фото: "Жас Алаш" коллажы
фото: "Жас Алаш" коллажы

1937-38 жылдар. Азаптау мен қинаудың түр-түрін көрген адамдар. Бұлар сталиндік репрессия құрбандары еді. Еш жазықсыз адамдарды түрмеге қамап, атып, асып, азаптап жатты. Бұл уақытта олардың отбасы мүшелері де репрессияға ұшырады. Әйелдері АЛЖИР-де отырса, перзенттері балалар үйіне жіберілді. Бұл жерде Ахмет Байтұрсынов, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин және басқа да Алаштың ардақты ұлдары тұтқында отырды. Сталиндік репрессия құрбандарына айналған адамдарды дәл осы жерде атып, мүрделерін қазіргі Алматы облысындағы Жаңалық ауылына көміп тастады.

Бұл жер 1934 жылы Алматыда ашылған НКВД түрмесі еді. Қазіргі Наурызбай батыр мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан. Ал енді бұл жерде қазір не ашылды дейсіз ғой? Қонақүй. Иә, бұрынғы НКВД түрмесінің орнына қазір «Қазжол» қонақүйі ашылды. Ойланып қараңыз: 1937-38 жылдары адамдарды азаптаған, қинаған, ұрып-соққан, атқан, өлтірген түрменің орнында енді кісілер демалатын, қонатын қонақүй болады.

Сонда ол жерге келген адамдар осының бәрін біле тұра, қалай тыныш ұйықтайды екен? Алаштың арыстары азапталған орынға қонақүй салып, тарихты ұмыттыруға, аруақтарды қорлауға жол берген кім? Әрине, билік. Тарихи ғимаратты, оның ішінде саяси репрессия құрбандарын еске алатын мұражайы бар жерді Иманғали Тасмағамбетов әкім болып тұрған кезде жекеменшікке өткізіп жіберген.

Қазақтың қаншама көрнекті тұлғалары отырған түрме орналасқан жерде 2003 жылы саяси репрессия құрбандарына арналған мұражай ашылған еді. Назарбаевтың тапсырмасымен ашылған мұражай екі жылдан кейін, 2005 жылы жабылды. Себеп: Алматы әкімдігі бұл ғимаратты жеке кәсіпкерлерге меншікке беріп жіберген. Тарихи ғимаратты неге жекеменшікке өткізді, мұның артында кім тұр деген сан сауалдарға ол кезде де, қазір де ешкім жауап бермеді. Мұндай маңызды нысанды біреуге беру үшін Алматы қаласының әкімдігінен де биік орындар араласса керек. Себебі, бұл жай ғана ғимарат емес, саяси, тарихи маңызы бар орын еді.

Ал сол ғимаратқа жапсарлас орналасқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу басқармасы әрі түрмесі әлі күнге дейін бар. Демек, бұл шешім Алматыда емес, Астанада қабылданған тәрізді. Жаңа қожайындары келе салып, «бұл жерді жалға өткіземіз» деп, мұражайды жауып тастап, орындарын тартып алған. Содан бері Алматыда неше әкім ауысты? Есімов те, Байбек те, енді, міне, Сағынтаев та бұл орынның тарихи қалпын сақтап, түрмені қонақүйге айналдырмай, аруақтарды қорлатпауға бір әрекет жасаған жоқ. Тіпті, бұйрық беріп, мұражай аштырған Назарбаев та, қазіргі президент Тоқаев та саусақтарының ұшын қимылдатпады.

Қарап отырсаңыз, 1,5 миллионнан астам адам тұратын Алматыда, тәуелсіз Қазақстанның бұрынғы астанасында, ең ірі мегаполисте және кеңестік билік тұсында маңызды саяси шешімдер қабылданған қалада сталиндік саяси репрессия құрбандарына арналған бірде-бір ескерткіш, бірде-бір мұражай жоқ. Біздің орнымызда кеңестік биліктен талай қысым көрген Шығыс Еуропа немесе Балтық жағалауы елдері болса, бұл түрменің орнына саяси репрессия құрбандарына арналған мұражай кешенін ашар еді. Біздің де сондай мүмкіндігіміз болған жоқ па еді?!

Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін барып көре алатын, шетелдік қонақтарды апаратын мұражай ашып, Сталин большевиктерінің қазақ зиялылары мен тұлғаларын қалай азаптағанын, қандай қорлық жасағанын көрсететін тарихи орталықтың іргесін қалауға болар еді. Ал оның орнына билік бұл ғимаратты жекеменшікке өткізіп, қонақүй салуға мүмкіндік берді.

«Жас Алаш» бұл қонақүйдің кімге тиесілі екенін зерттеп жатыр. Егер тың деректер табылса жариялаймыз. Кейбір деректерге қарағанда, соның ішінде қоғам қайраткері Жұмабек Ашуұлының мәліметінше, бұл ғимаратты сатып алған – олигарх Александр Машкевич. Егер бұл рас болса, онсыз да Қазақстанның байлығын қанжығасына байлап, миллиардер атанған Машкевичтің бұл әрекеті тарихты қорлау екені анық.

Оның немесе басқа кәсіпкердің бұл жерден емес, қаланың басқа бір бұрышынан ғимарат салып, қонақүй ашуына мүмкіндігі бар ғой. Немесе «қазақтың байлығын пайдаланып отырмын, миллиардтарды қалтама салдым, тым құрығанда осы жерге мұражайды өзім салып берейін» десе, несі кетер еді? Түйені түгімен жұтып үйренген бұл сияқтыларға ондай әрекет жат екен.

Биліктің тарихты жоққа шығарып, құрбандардың рухын қорлайтын әрекетке барып отырғаны бірінші рет емес. Кезінде Желтоқсан көтерілісі болып, қазақ жастары азаттық талап етіп шыққан Республика алаңын қопарып, «Алмалы» ойын-сауық орталығын салғаны есімізде. Ол кезде де қаншама қарсылық болды. Билік біріне де құлақ аспады. Сол «Алмалысы» ақыры жабылып тынды. Қазір бұл алаң баяғы қалпына келтірілген жоқ. Енді, міне, бұрынғы НКВД түрмесін қонақүйге айналдыруға жол ашты.

Осының бәрін неге жасап отыр? Біріншіден, бүгінгі саяси жүйе Ресейден үрейленеді. Солардың айтқанымен жүріп, дегенін орындап үйренген билік «Кремльдің шамына тиіп қалмайық, кеңестік дәуірдегі қылмыстарды қопармайық» деп қашанда қорқып жүреді. Бәлкім, Путин режиміне жағымпазданып жасайтын да болар. Сталиндік репрессияны ұмыттыру үшін, 1986 жылы қазақ жастарын қырып салғанын еске салмау үшін осындай әрекеттер жасап жатырмыз деп айтуға да себеп табылады сонда.

Екіншіден, бүгінгі биліктің өзі де тарихты, қазақтың өткенін сыйламайды. Егер бұлай болмағанда, Республика алаңын қаздырып, оны ойын-сауық орталығына, НКВД түрмесін қонақүйге айналдыруға жол ашпас еді. Осыны тоқтатуға бір шенеуніктің әрекет етпеуі бұл биліктің мәңгүрттігін, тарихи жадының өшкенін айғақтайды.

Уақыт өте келе, бүгінгі саяси биліктің орнына демократиялық, әділетті жүйе қалыптасқанда бұл жағдай өзгереді деп сенеміз. Өкініштісі, бұл түрмені енді бұрынғы қалпына келтіріп, тарихи бейнесін сақтау оңайшылыққа соқпайды. Ал осындай әрекетке барып, саяси құрбандардың рухын қор қылған биліктің түбі оңбасы түсінікті.

Дереккөз: «Жас Алаш»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары