30.01.2016, 06:41

Әншілер мен спортшылар дауыс жинау үшін қажет

Кеше мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының  кезектен тыс 17-ші съезі өтті. Мемлекет басшысы осынау жиында қоғамдағы күрделі мәселелерге тоқталып, жұртшылықтың талқысына салды. Нақтырақ айтсақ, Президент экномикалық дағдарыс кезеңінде бай-бағландардыа ақшаларын елге әкелуге шақырды. Алайда, көпшілікті съезде айтылған мәселеледен гөрі депутаттыққа үміткер азаматтардың тізімі қызықтырып отырғаны белгілі.

Кезектен тыс съезд аяқтала сала әлеуметтік желіде "Нұр Отан" партиясынан сайлауға ұсынылған азаматтар туралы әртүрлік әңгімелер айтыла бастады. Себебі, париялық тізімге енген 127 адамның ішінде көпшілікке танымал немесе бұған дейін мүлде беймәлім болып келген азаматтар баршылық. Жалпы, депутат болу үшін міндетті түрде танымал болудың қажеті де жоқ шығар. Алайда, халық қалаулысы деген атқа ие депутаттарға қараша халық сенім артуы керек сияқты. Ал, халықтың сенімі болмаған жерде Парламенттен үміт күтудің өзі күлкілі.

Негізінде, кезектен тыс съезде бір ғана жаңалық болды дер едік. Мысалы бұған дейін «экс-депутаттардың 80-90 пайызы қайтып өз орнына оралады» деп жорамал жасалған болатын. Әйтсе де, экс-депутаттардың небәрі 33-і ғана жаңа тізімге еніп отыр. Демек «Нұр Отан» партиясының атынан депутат болған 50 азамат жылы орнымен қош айтысты. Бұған бөркімізді аспанға атып қуанбасақ та, «бәрекелді» деуге болатын сияқты. Себебі, Парламент көпшілік ойлағаннан әлдеқайда жаңарады.

Алайда, депутаттыққа үміткерлердің арасында Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Илья Ильин, Қайрат Нұртас, Жанар Дұғалова, Нұрлан Әлімжанов сынды азаматтардың болуы көпшілікті таңғалдырып отыр. Жұрттың айтуынша, әншілер мен спортшылардың кәсіби тәжірибесі Парламентте мәселе көтеруге жетпейді. Әйтсе де, экс-депутат Амангелді Айталы оларды депутаттық тізімге енгізді деп байбалам салудың қажеті жоқ деген пікірде. Саясаткердің айтуынша, «Нұр Отан» партиясы халықтың даусын жинау үшін аталған азаматтарды сайлауалды науқанда әдейі пайдаланады.

– Әншілер мен спортшылардың депутаттықтан үміткер болуға саяси және моральдық тұрғыдан құқығы бар. Әйтсе де, кәсіби Парламентке олардың саяси деңгейі мен білімі жете ме? Бұл әрине басты мәселе. Бұған дейінгі Парламентте бірең-сараң әншілер мен спортшылар депутат болып жүрді. Мәселен, белгілі боксшы Серік Қонақбаев сынды азаматтың депутат болғанын көпшілік ұмыта қоймаған шығар. Алайда, олардың Парламентте белсенділік танытып, депутаттық сауал жолдауы өте сирек еді. Себебі, депутаттар әлеуметтік және саяси мәселелерді бес саусақтай білуі керек қой. Менің ойымша, әншілер мен спортшылар депутат болмайды. Олар жай ғана сайлауалды науқанда халықтың даусын жинау үшін керек болып отыр. Сондықтан да, әншілер мен спортшылар депутаттыққа үміткер болды деп байбалам салудың қажеті жоқ, – дейді Амангелді Айталы.

Депутаттың мақсаты қарапайым халықтың мұң-мұхтажы мен талап-тілегін жоғары жаққа жеткізе білу болса керек. Алайда, бұған дейінгі депутаттар осы мүддеден шықты деп әсте айта алмаймыз. Ал, тізімге енген азаматтар депутат болған жағдайда халық қалаулысы деген атқа ие бола ала ма? Бұл жағы белгісіз. Бізге бір белгілісі, әншілер мен спортшыларды «Нұр Отан» партиясы сайлауалды науқанға пайдаланғысы келетін сияқты. Әйтпесе Қайрат Нұртас мен  Жанар Дұғалованың немесе Нұрлан Әлімжановтың депутат болғанын елестетудің өзі қиын.

С.АСЛАНБЕК