$ 494.87  520.65  4.91

Парламент Мәжілісіне 4-ші болып қай партия өтеді?

Күні кеше Қ азақстан орталық сайлау комиссиясы елімізде ресми тіркелген 7 партияның тізімін жариялады. Олардың ішінде «Азат», «Ақ жол», «Ауыл», «Бірлік», ЖСДП (Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы), Қазақстан коммунистік халық партиясы және «Нұр Отан» партиясы бар. Аталған партиялар 19 ақпанға дейін сайлауға қатысатынын ОСК хабарлауы керек. Егер кейбір партиялар сайлауға қатыспаса, олардың басына қара бұлт үйірілуі мүмкін.

Кезектен тыс Мәжіліс сайлауы өтеді дегелі партиялардың бойына жан бітіп, қыбырлай бастады. Мәселен, бұған дейін бар-жоғы белгісіз болып келген «Ауыл» мен «Бірлік» партиясы білек сыбанып ортаға ойқастап шықты. Сондай-ақ, Жармахан Тұяқбай басқаратын  Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы да сайлаудан дәмелі екенін аңғартып отыр. Алайда, осы саяси ұйымдардың ішінде «Азат» партиясының жабылмай тіркеуде болып келгені көпшілікті таңдандырып отыр. Әйтсе де, аталған партия «нәтижесі белгілі сайлауға қатыспаймыз» деп мәлімдеме жасады. 

Осы аптада «Нұр Отан» партиясы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен съез өткізген болатын.  Аталған съезде  партияның сайлау алды бағдарламасы қабылданып, болашақ депутаттардың партиялық тізімі бекітілді. Сондай-ақ, «Ақ жол» мен  Қазақстан коммунистік халық партиясы сайлауға қатысу үшін, съезд жасайтындықтарын айтып отыр. Жалпы, жоғарыда аты аталған 3 партияның үшеуі де сайлауға қатысып, Парламент Мәжілісінен орын алатыны белгілі. Алайда, Парламентке 4-ші партия болып қай партия өтуі мүмкін? Қазіргі таңда осы мәселе өзекті болып тұрған сияқты. 

 Парламент Мәжілісіне 4-ші партия болып «Бірлік» партиясының өтуіне мүмкіндік бар. Өйткені, аталған партияның басшылығы биліктің ұстанымын қолдап, мәлімдеме жасауды әдетке айналдырып алды. Нақтырақ айтсақ, Серік Сұлтанғали басқаратын партия бетегеден биік, жусаннан аласа позиция ұстанып жүр. Ал, дәл осындай ұстанымдағы партия Парламент Мәжілісінде отырса одан билікке ешқандай зиян келмейді. Сондықтан болса керек, соңғы кездері «Бірліктің» насихатын Үкіметтен қаржы алатын бұқаралық ақпарат құралдары жасай бастады. Демек, алдағы сайлауда «Бірліктің» мүмкіндігі бар.

Алайда, бұл мүмкіндіктің іс жүзіне асуына Әли Бектаев басқаратын «Ауыл» партиясы кедергі келтіруі мүмкін. Өйткені «ауылдықтардың» мүмкіндігі «Бірлік» партиясынан қарағанда анағұрлым жоғары болып тұр. Біріншіден, партия басшысы Әли Бектаев сенатор ретінде Парламент төрінде отыр. Екіншіден, «Ауыл» партиясын «Бірлікпен» салыстырғанда ауқымды насихат жұмыстарын жүргізуде. Партияның «Хабар» мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан жиі көрсетілуі «Ауылдың» асығы алшысынан түсетінін көрсетеді. Ең бастысы, аталған партия Парламентте шеңберден шығып, тосын мінез танытпайды. 

Ал, мінез танытуы мүмкін деген Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы сайлауға қатысу, қатыспау мәселесін жақын күндері шешеді.  Нақтырақ айтсақ, ұйымның төралқа мүшесі Тазабек Сәмбетбайдың айтуынша, партия өз съезін өткізіп, сайлау мәселесін талқылайды. Алайда, сайлауға қатысқан күннің өзінде аталған партияның Парламенттен орын алу, алмауы екіталай. Оны партия төрағасы Жармахан Тұяқбайдың өзі де мойындап отыр. Себебі, ЖСДП бұған дейін белсенді жұмыс жүргізіп, Парламентке өте қалған жағдайда қандай ұстаным ұстанатынын халыққа көрсеткен жоқ. Өйткені, аталған партияның ұстанымын білдіретін бірде-бір ықпалды БАҚ болмай тұр. Білдей бір партияның осы уақытқа дейін сайт ашып, жұмыс жүргізе алмағанына қарап, оның Парламенттен орын алуы екіталай деп ойлаймыз.

Сондай-ақ «Азат» партиясының да алдына жан салмай, Парламентте орын алуы қиын. Сондықтан болса керек, аталған партияның өкілі Маржан Аспандиярова сайлауға қатыспаймыз деп отыр. Оның айтуынша, болашақ парламенттің құрамы әлдеқашан белгіленіп қойған. Сол себепті, ол сайлауға қатысып, уақыт кетірудің қажеті жоқ деген пікірде. Әрине, Маржан Аспандиярованың сөзінің жаны бар. Өйткені, Парламентке өтетін партиялардың тізімі сайлау басталмай тұрып белгілі болған. Алайда, солай екен деп, дүбірлі додаға қатыспау «Азат» партиясының кемшілігі. Ең басты кемшілік – партия белсенділері Болат Әбілов саясаттан кеткеннен кейін өздеріне төраға сайлап ала алмады. Оның үстіне, жұртшылық аталған партия жабылды деп күні кешеге дейін ойлап келді. Сондықтан да «Азаттың» парламенттен орын дәметуге ешқандай мүмкіндігі жоқ.

Мәжіліс сайлауы еліміздегі ең үлкен дода. Бұл додада алдына жан салмай күрескен партия ғана жеңіске жетпек. Алайда, біздің елдің жағдайында партиялардың «бетегеден биік, жусаннан аласа» болғаны абзал. Себебі осы қағиданы сақтаған партия ғана Паарламент төрінен орын алуы мүмкін. Сондықтан да, сарапшылар төрт партияның ішінде «Ауылдың» асығы алшысынан түседі деп болжап отыр. Әйтсе де бұдан қараша халыққа қандай пайда бар? Біздіңше – ешқандай.

С.АСЛАНБЕК

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары