$ 447.4  477.55  4.76

«Қазіргі жағдай мені қатты алаңдатып отыр»: Тоқаев бастап барған шенеуніктер Назарбаевқа есеп берді

«Аға буын өкілдері бұл мәселеге ерекше назар аударуға тиіс. Менің Ұлт Көшбасшысы ретіндегі мақсатым – Қазақстанды болашақ ұрпақ мақтана алатындай деңгейге жеткізу», - дейді Назарбаев.

Кездесу барысында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жағдай, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мәселелері қаралды, деп хабарлайды elbasy.kz.

Жиынды ашқан Нұрсұлтан Назарбаев Қордай ауданында болған оқиға салдарынан қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты және барлық зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.

«Қазіргі жағдай мені қатты алаңдатып отыр. 30 жылдың ішінде халқымызбен бірге бірталай қиындықтарды бастан өткердік. Қазіргі жастар сол ауыртпалықтарды елестете де алмайды. Қазақстанда 130 кәсіпорын жабылып, 2,5 миллион адам жұмыссыз қалды. Үйлерде жылу жоқ, азық-түлік тапшылығы туындады. Біз осы сынақтардың бәрінен бірге өттік», - деді Елбасы.

Елбасы – Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін әлеуметтік-экономикалық салада үлкен қиындықтарды бастан өткергенін еске салды.

«Егер біз көпұлтты халқымызды біріктіріп, тұрақтылықты қамтамасыз ете алмасақ, бүгінде елімізге шетелдік инвестиция келмей, экономика тұралап қалушы еді. Әрине, мемлекеттік қызметкерлерге де тиісті міндеттер жүктелген, бірақ, бейбітшілік пен келісімді сақтау, ең алдымен, біздің халқымыздың міндеті», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Елбасы туындаған жағдайдың себептерін мұқият зерттеп, кінәлілерді заң талаптарына сәйкес жазалауды тапсырды.

«Аға буын өкілдері бұл мәселеге ерекше назар аударуға тиіс. Менің Ұлт Көшбасшысы ретіндегі мақсатым – Қазақстанды болашақ ұрпақ мақтана алатындай деңгейге жеткізу. Аға буынның міндеті – адамдарға біздің ортақ мақсатымыз тәуелсіз, дамыған және тұрақты мемлекетті сақтап қалу екенін түсіндіру», - деді Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы.

Елбасы қазіргі уақытта Президент Қ. Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет пен облыс әкімдігі зардап шеккен елді мекендерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның өңірлік филиалдарының жұмыс сапасына ерекше назар аударылды.

«Ассамблея мен оның өңірлік өкілдіктері мұндай жағдайлардың алдын алып, бақылауда ұстауы керек. Бұл – біздің ортақ міндетіміз», - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Кездесу барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың есептері тыңдалды. Бірінші мәселені талқылау аясында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға ел өңірлеріндегі әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге бағытталған бағдарламаларды одан әрі іске асыру жөнінде тапсырмалар берілді. Соның ішінде жұмыспен қамту және инфрақұрылымдық даму, әлеуметтік нысандарды қайта жөндеу және құрылысын жүргізу мәселелеріне назар аударылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрі Біртанов есеп берді. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы коронавирус төңірегіндегі жағдай Қытай экономикасымен бірге Қазақстан экономикасына да залалын келтіруі мүмкін екенін атап өтті.

Тағы оқи отырыңыз: «Тәртіпке көнуі – міндет!»: Бақытбек Смағұл дүңген жастарын ерігіп, есіріп жүрмеуге шақырды

«Біз бос отырмай, бәріне дайын болуға тиіспіз. Дәрі-дәрмектер мен басқа да қажетті ресурстар қорын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл мәселе үнемі бақылауда болғаны жөн. Мұндай жағдайларға қарсы шаралар дайын болып, сыртқы фактордың ұлттық экономикаға теріс әсерін болдырмау маңызды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары