$ 447.4  477.55  4.76

«Саяси сауаты мектептегі күзетшінің деңгейіне жетпейді»: танымал айтыскер Ринат Зайытовты сынап тастады

Мемлекеттік кеңістік түгілі өмірінде шағын ауданды басқарып көрмеген Әміржан Қосановты түн ұйқысын төрт бөліп жүріп насихаттап, соңында «екі қолын мұрнына тығып қалған» жағдай болғаны рас. Сен қалай бұрын-соңды көрмеген, білмеген адамыңа соншалықты сенімді түрде «осы президент болса бәрін қарық қылады» деп айта аласың?

Танымал айтыскер ақын, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Біржан Байтуов әріптесі Ринат Зайытовтың саяси сауаты мектептегі күзетшінің деңгейіне жетпейтінін айтты, деп жазады "Рейтинг" газеті.

Айтыскер ақын газет тілшісінің "Өзіңіздің өнердегі әріптестеріңіздің саясатқа белсене атсалысуын қалай түсінесіз? Мәселен, Ринат Зайытовтың сайлауалды және сайлаудан кейінгі видео үндеулері, оппозициялық әрекеттеріне қандай баға бересіз?" деген сауалына саясат - үлкен ойын екенін айтып, саясатқа араласқысы келетіндер әрбір сөзін зор сақтықпен айту керектігін хабарлады. 

«Саясат деген – үлкен ойын. «Құдықтың түбіндегі бақаға аспан теңгедей болып көрінетіні» секілді біздің көзімізге көрінбей тұрған қаншама дүниелер бар. Біз өзіміздің шамалы сауатымызбен үлкен саясатқа баға бергіміз келеді. Өзгелердің ұстанымын, көзқарасын құрметтеу дегеннен жұрдаймыз. Тіпті саясат пен ақиқаттың не екенін білмейтін адамдар бос ұранмен аттандап, елді төңкеріп жіберердей әрекеттер жасайды.

Мысалы, кешегі сайлау кезінде өмірінде халықтың алдына шығып көрмеген кейбіреулер аяқ асты білгір боп шыға келді. Мемлекеттік кеңістік түгілі өмірінде шағын ауданды басқарып көрмеген Әміржан Қосановты түн ұйқысын төрт бөліп жүріп насихаттап, соңында «екі қолын мұрнына тығып қалған» жағдай болғаны рас. Сен қалай бұрын-соңды көрмеген, білмеген адамыңа соншалықты сенімді түрде «осы президент болса бәрін қарық қылады» деп айта аласың?

Қосановты білмейтін адамдар «Ринат айтып жатыр ғой, шындықтың жолында жүрген қазақтың ақыны ғой, бір білгені бар шығар» деп халықтың көпшілігі еріп кетті. Ал соңында «біз алдандық, халықпен бірге мен де алдандым» деп жұрттың алдында мүләйімси қалу – сауатты адамның сөзі емес. Бұл «Мен алдандым» жобасы емес. Екі баланың арасындағы ойын емес. Бұл - ұлттың болашағына, 18 миллион халықтың тағдырына қатысты мәселе.

Сен бұл жерде алданбауға тиіссің. Қоғамдық тұлғасың ба, өз идеяңды насихаттайсың ба, бүге-шүгесіне дейін есептеп, өлшеп-пішіп барып айтуға тиіссің. «Мен байқамай алданып қалдым, кешіріңіздер» деу - саяси сауаты мектептегі күзетшінің деңгейіне жетпейтін адамдардың әңгімесі», - деді Біржан Байтуов.

Дегенмен, бұл оның Ринат Зайытов туралы 100 пайыз біржақты көзқарасы емес. Ол тек Ринаттың саяси көзқарасын ғана айыптайтынын айтты. 

«Мен Ринат Зайытовтың осындай саяси көзқарасын айыптаймын. Бірақ, азаматтығын, тұлғалығын, ақындығын құрметтеймін. Әркімнің өз пікірі бар. Мен оның, ол менің пікірімде болуы шарт емес», - деп сөзін қорытындылады айтыскер ақын. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары