Әлеуметтік желіде Қордайда болған жанжалға байланысты этникалық армян азаматтың қазақ халқына үндеу жолдаған видеосы таралуда. Үндеуде ол бұзақылықты айыптап, жазықсыз адамдардың жапа шегуіне соқтырған әрекетті сынаған, деп хабарлайды Qamshy.kz.
«Сендердің бұл әрекеттерің – жабайылық. Шыңғыс ханның заманы өтті. Дүнгендермен бір дінде болып, неліктен осындай әрекеттер жасайсыңдар? Қаншама жазықсыз адамдардың үйлері өртенді. Басқа ұлтқа деген мұндай жеккөрушілік жақсылыққа алып келмейді. Мен қазақтардың бұл әрекетін қорқақтық, шыдамсыздық деп түсінемін», - деді армян азаматы.
Оның айтуынша, 2019 жылы «Древний рим» кафесінде қазақты армян ұлтының жігіті өлтіреді. Сол уақытта Қазақстанның түкпір-түкпірінен армяндарға қарсы «антиармяндық» қозғалыс басталды. Бірақ, соңында қазақ жігітін өлтірді деп этникалық әзербайжан азамат сотталды.
«Демек, қазақтар армяндарды жазықсыздан жазықсыз кінәлап, түрлі қысым көрсетті», – деген ол «орыс үкіметі неліктен шара қолданбай отыр?» деп, дүңгендерге жасалған әрекет орыстарға да жасалуы мүмкін екенін айтты.
Ол басқа ұлттарға көрсеткен бассыздықтың қазақтарға зиянын тигізуі мүмкін екенін де атап өтті. Сөз соңында барлық қаза тапқан жандардың отбасына көңіл айтты.