14.02.2020, 17:40

«Әбілязовтың орнында болсам, мен де соны істер едім» - Бақытбек Смағұл (ВИДЕО)

«Қандай да бір жағдай, қақтығыс болған кезде үшінші күш пайда болады. «Екі үйрек таласса, тауықтарға тамаша» дегендей, мысалға Әбілязовтың адамдары жоқ деп кім айтады?».

Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл бүгін Azattyq Rýhy сайтына берген сұхбатында Қордайдағы қақтығысқа қатысты пікірін қайта пысықтады. Үкіметтік комиссияның мүшесі ретінде жанжал болған ауылдарды аралап шыққан ол аталған оқиғаға қашқын банкир Мұхтар Әбілязов пен оның жақтастарының қатысы болуы мүмкін деп те қауіптенген, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Журналистің «Ішкі істер министрлігі Қордайдағы оқиғаның артында арандатушылар тұр деді. Сіздің ойыңызша, сол арандатушылар дегеніміз кімдер?» деген сұрағына депутат бірден Әбілязовтан күдіктенетінін аңғартты.

«Қандай да бір жағдай, қақтығыс болған кезде үшінші күш пайда болады. «Екі үйрек таласса, тауықтарға тамаша» дегендей, мысалға Әбілязовтың адамдары жоқ деп кім айтады? Оның әсері болмады деп кім айтады? Оны неге айтып отырмын... Шынында да біз кешігіп отырсақ, алдын алмай, немқұрайлы қарасақ, «анаусыз бастай алмаймын», «анаусыз ұстай алмаймын» деп бір-бірімізге сілтесек...» - деп келе жатыр еді, сайт тілшісі сөзін бөліп: «Арандатушылардың ішінде Әбілязовтың жақтастары да болуы мүмкін деп қалдыңыз. Бұл сіздің жеке пікіріңіз бе, әлде, бір мәліметтерге сүйеніп айтып отырсыз ба?» - деп сұрады.

«Жоқ, менің жеке пікірім. Әбілязовтың орнында болсам, мен де соны істер едім», - деген депутатқа тосыннан «Неге?» деген де сұрақ қойылды.

«Енді ол Отанға жат пиғылдағы адам емес пе? Бізге кедергі жасап отырғаны жасырын ба? Егер ол ана жақта отырып алып шақырып отырса, оны желіден көрсетіп отырса, милицияға, прокуратураға түсіп қалсаң 100 мың доллар беремін, больницаға түсіп қалып, справка көрсетсең, 10 мың доллар беремін деп ашығын айтқан жоқ па? Рас қой ол?» - деп журналистке сұраулы жүзбен қарады.

Тағы оқи отырыңыз: «Тәртіпке көнуі – міндет!»: Бақытбек Смағұл дүңген жастарын ерігіп, есіріп жүрмеуге шақырды

Сондай-ақ, Бақытбек Смағұл халықаралық дүнгендер қауымдастығының мәлімдемесіне жауап берді. Тіпті, Қордай ауданының әкімі болуға лайықты адамның аты-жөнін атады. Бұдан бөлек, қақтығыстың себептері мен салдары, Масаншы, Қаракемер, Сортөбе, Ауқатты ауылдарындағы әлеуметтік жағдай мен құқық қорғау органдарының қателігі туралы толыққанды пікірі – жоғарыдағы видеода.