Қазіргі таңда саяси партиялар өздерінің съездерін өткізіп, кезектен тыс Мәжіліс сайлауына кандидаттар ұсынып жатыр. Мәселен, өткен аптаның аяғында Алматыда Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) ХІІ съезі аяқталды. Жиында партия төрағасы Жармахан Тұяқбай «Бүгінгі билік кетіп, орнына жаңа буын келуі керек» деп мәлімдеме жасады. Алайда, бүгінгі билікті кетіріп, оның орнына жаңа буынды әкелуге оппозицияның қауқары жете ме? Бұл жағы белгісіз.
Сенбі күні өткен съезде партия атынан кезектен тыс Мәжіліс сайлауына 27 кандидат ұсынылды. Аталған тізімге Жармахан Тұяқбай, Әмірбек Тоғысов, Балташ Тұрсымбаев, Жанұзақ Әкім, Зәуреш Батталова, Уалихан Қайсаров, Құрманғазы Рахметов, Жангелді Шымшықов сынды бірқатар ықпалды азаматтар еніпті. Алайда, қалған 19 кандидаттың ішінде халыққа сөзі өтімді азаматтар жоқтың қасы. Сондықтан да, бұқара халық 5-6 азамат үшін партияға жаппай дауыс бере қоюы екіталай секілді.
Өйткені, тізімге енгендердің ішінде ықпалды тұлғалардан қарағанда әлсіз кандидаттар өріп жүр. Ал, мұндай әлсіз командамен халықтың даусын көптеп жинау мүмкін емес. Осы ретте кейбір азаматтар «Билік бәрібір оппозициялық партияны Парламентке жібермейді ғой» дейтін болар. Иә, біздің елдің жағдайында оппозициялық партияның Парламенттен орын алуы қыл көпірден өткеннен бетер қиын. Мұны Жармахан Тұяқбайдан бастап көкірек көзі ояу әрбір азамат түсінсе керек.
Аталған партияның баспасөз хатшысы Тазабек Сәмбетбайдың айтуынша, кейбір азаматтар ЖСДП атынан сайлауға түсуден бас тартқан көрінеді. Мәселен, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов съезге келгенімен, белгісіз себептерге байланысты кетіп қалған. Сондай-ақ, жазушы Мереке Құлкенов партиялық тізім бойынша сайлауға қатысудан бас тартып отыр. Ұзын сөздің қысқасы, ұлтшыл азаматтар ЖСДП атынан сайлауға түсуден қашып жатыр. Саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, бұған партия басшыларының саясаты себеп болып отырған көрінеді.
– Шынында, Жармахан Тұяқбай басқаратын Жалпыұлттық-социал демократиялық партиясының сайлауға ұсынған тізімі әлсіз болып шықты. Менің ойымша, оның бірнеше себебі бар. Ең бірінші, оппозицияда принцип болуы керек еді. Өйткені, оппозиция деген принципсіздік деген сөз емес қой. Күні кеше ғана Жармахан Тұяқбай, Балташ Тұрсынбаев, Пётр Своик сынды ЖСДП басшылары Қазақ елінің Кедендік одаққа қосылғанын қолдады. Сондай-ақ, олар аталған пікірлерінен әлі күнге дейін бас тартқан жоқ. Тіпті, Пётр Своик «рубльге көшейік» деп мәселе көтерді. Ал, мұндай ұстанымдағы партияны қазақ ұлтшылдары қалай қолдайды? Егер ЖСДП басшылыры «Өзіміздің бұған дейін қателесіп жүргенімізді түсіндік. Сондықтан да біз бүгіннен бастап ұлттық бағытта жұмыс істейміз» деп мәлімдесе, онда оларды ұлтшылдар қолдайтын еді. Ал, енді съезге бір күн қалағанда барлық абырой беделін салып, ұлтшылдарды өздеріне тарту саясаткердің шикілігін көрсетеді, – дейді Айдос Сарым.
Саясаттанушының айтуынша, партия ұсынған тізімде екі-үш лайықты кандидат бар. Алайда, ол аталған азаматтар сайлауда партияның жеңіске жетуіне кепілдік бермейді деп есептейді.
– Өйткені, халық қалай болғанда да партия басшыларына қарап дауыс береді. Егер Зәуреш Батталова сынды саясаткерлерді ең бірінші орынға қойғанда бәлкім партия 6-7 пайыз дауысқа ие боларма еді? Мен білсем, осы құраммен ЖСДП 1-2 пайыздың айналасында дауыс жинайды. Себебі қазір халық ақымақ емес, бәрін көріп-біліп отыр. Ұзын сөздің қысқасы, партияның ұсынған кандидаттары сайлауда жеңіске жетеміз деген тізім емес, – дейді Айдос Сарым.
Сайлау жақындағанда партия басшылығы ұлтшылдарды өз қатарына тартуға тырысқан сияқты. Алайда, бұл жұмыстар сайлау жақындағанда емес, саяси науқанға ең кемі 5-6 ай қалғанда жүзеге асуы керек еді. Өйткені, ұлтшылдар оппозияциялық партияның қаншалықты идеяға адал екенін аңғаруы қажет. Бұл – бір. Екіншіден, партия сайлау жақындағанда әрекет етпей бірнеше жыл бойы жұмыс жүргізіп отыру керек еді. Өкінішке қарай, біздің елде билік қана емес, оппозициялық партиялардың өзі халықтан алшақтап кеткен. Ал, мұндай жағдайда қараша халық оппозициялық партияға қалайша сеніп дауыс береді?
Естеріңізде болса 2012 жылы қаңтарда өткен парламент сайлауында ЖСДП мен «Азат» партиясы біріккен болатын. Әйтсе де, аталған сайлауда қос партия халықтың қажетті даусын жинай алмады. Ал, биылғы кезектен тыс Мәжіліс сайлауында оппозияциялық партия Парламенттен орын ала алады ма? Біздің пайымдауымызша, бұл жолы тағы да ЖСДП-ның жолы болмайды. Өйткені, Жармахан Тұяқбайдың сайлауға ұсынған «әскері» әлсіз болып шықты. Оның үстіне, Мереке Құлкенов сияқты кейбір «әскерлер» қауіптен тайсақтап, «майдан» алаңын тастап қашып жатыр.
С.АСЛАНБЕК
ФОТО: Азаттық