Журналист Өркен Жоямерген facebook парақшасына Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың алғаш министрлік орынтағына жайғасқан сәтінде тілшілерге сұхбат беруден қашпайтынын уәде еткенін еске салып қойды. Әріптесіміздің айтуынша, Ерекең де бұрынғы министр Қалмұханбет Қасымовтың кебін кигенге ұқсайды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Бұрынғы Ішкі істер министрі үкімет үйіне келгенде журналистердің қасынан 270 скорыспен «шуылдап» кететін. Қазіргі министр 380-мен зу ете қалады. Оның өткенін әріптестердің шашы желп ете қалғанда ғана білетін болдық.
Құралай Пионер, министр алғаш тағайындалғанда саған: «Журналистерден қашпаймын» деп ант-су ішіп, уағда беріп еді ғой. Ал, сол не болды, енді?!» деп жазды Азаттық радиосы Астана қосынының жетекшісі Өркен Жоямерген.
Қазір оған пікір білдірген желі белсенділері «Ондай жылдамдықпен жүрсе, «Сергекке» түседі ғой. Обал болды», «Негізі ол өнер, 380-мен зулап өткен» деген сияқты қыжыртпаларын жазып қалып жатыр.
Ал кезінде жаңа министрдің сол уәдесін алған журналист Құралай Пионердің өзі «Тағы қашып кетті ме?» деп жазса, оған Өркен Жоямерген «Тоқтады, жарты сағат сөйлестік» деген мысқылмен жауап берген.
Еске сала кетсек, Ерлан Тұрғымбаев былтыр әріптесіміз Құралай Пионердің «Журналистерден қашпайсыз ба?» деген сұрағына: «Мен сіздерден ешқайда қашпаймын, дос боламын. Кеңесшім бар, жұмысты бастадық», - деп жауап берген еді.
Кейін Құралай Пионер gramho.com желісіне «Қашпаймын» деген уәдеңіз қайда, министр мырза?» деген жазба қалдырды. «Бүгін Бас полицей бір сұрақты тыңдап, екіншісін естіместен тайып тұрды... Негізі Ерлан Заманбекұлына ат мініп, қымбат сыйлық аламын деп жұмыстан қуылған генералға қатысты қойылатын сауал көп еді, тек оған біреуі де жақпады, это точно!» деп жазған сонда әріптесіміз.