Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевты қабылдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, elbasy.kz-ке сілтеме жасап.
Кездесу барысында елбасына Ассамблеяның және өңірлік Достық үйлері жұмыс жоспарының орындалуы туралы ақпарат ұсынылды. Ал Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының аппараты мәдени және ойын-сауық іс-шараларға емес, ең алдымен сараптамалық жұмыстарға баса мән беруі керектігін атап өтті.
«Біз 30 жылдың ішінде қазақстандықтардың бірлігі мен тұтастығының арқасында бүгінгі жетістіктерге қол жеткіздік. Көпұлтты мемлекет болуымыз – біздің артықшылығымыз», - деді ол.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы аппараты мен өңірлік өкілдіктерінің қызметін жандандыру үшін аудит өткізуді тапсырды. Өз кезегінде Ж.Түймебаев Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық қызметін күшейту және этносаралық қатынастар саласында зерттеулер жүргізу бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.