Таяуда жүз жылдық тарихы бар республикалық «Жас Алаш» газетінің редакторлығынан босатылған журналист Инга Иманбай басылымның «толығымен билік бақылауына өткенін» мәлімдеген еді. Алайда, аға газеттің құрылтайшысы һәм бас редакторы болған Рысбеке Сәрсенбай ол сылтауды жоққа шығарып отыр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алдымен осы екі әріптесіміздің айтқандарын сөзбе-сөз келтіріп көрейік...
Инга Иманбай:
«Редакция саясатын күрт өзгертіп, Назарбаевтың өзі мен әулеті туралы өткір материалдар шығара бастадық. Осыған және Жанболат Мамайдың әйелі екендігіме байланысты, «Жас Алаш» газетінің құрылтайшысы, марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының әйеліне қысым жасалды».
Рысбек Сәрсенбай:
«Әрине, Инга Иманбайдың «Жас Алаш» газетінің бас редакторлығынан кеткен кезде жасаған мәлімдемесі мені таңдандырды. «Редакция саясатын бірден өзгертіп, өткір материалдар бергендіктен орнымнан алып тастады» дегені көңіліме аса қонып тұрған жоқ. Рас, Назарбаевқа, оның отбасына, немересіне қатысты материалдар жарияланған көрінеді. Бірақ, дәл соған бола, аяқастынан апай-топайын шығарды деу – қисынсыздау».
Инга Иманбай:
«Салтанат Атушеваға белгілі бір ведомстводан генералдар келіп, мені міндетті түрде 22 ақпанға дейін босату жөнінде қатаң талап қойды. Газеттің Жанболат Мамайға қатысы жоқ дегенімізді тыңдамады. Салтанат Атушева мені бас редактор қызметінде қалдыру үшін қолынан келгеннің бәрін жасады, бірақ, қатты қысымнан соң босатуға мәжбүр болды. «Жас Алаш» толығымен билік бақылауына өтті».
Рысбек Сәрсенбай:
«Тағы бір мәселе, «мені алып тастардың алдында Салтанат Атушеваға генералдар келіпті» дейді. Генерал демейді, генералдар дейді. Ол қандай генералдар? Екеу ме, үшеу ме? Мүмкін бесеу шығар? ҰҚК-нің генералы болады немесе ІІМ-нің генералы болуы мүмкін. Осының қайсысы? Бұл жағы айтылмаған. Сондықтан маған Инганың генералдарды қаптатып, қысым жасады, қорқытты дегені сенімсіздеу естіледі».
Айта кетсек, Инга Иманбайдікі – өзінің facebook парақшасына жазған уәж. Ал Рысбек Сәрсенбай оған қатысты nege.kz сайтына шағын сұхбат берген. Енді сол сұрақ-жауапты оқып көрейік:
– Туыстарыңыздың ішіндегі бір адамға шынымен де қысым жасалуы немесе әлдеқандай себеппен қамалу қаупі тууы мүмкін бе?
– Жоқ. Біздің туыс-туғанның ішінде, төңірегімізде тәртіп бұзатын, заң шеңберінен шығатын, қылмысқа баратын адам жоқ. Мемлекеттік қызметте жүрген ешкім жоқ. Бизнесте жүрген адам тағы жоқ. Барлығы қарапайым адамдар. Ендеше, олардың үстінен қалай қылмыстық іс қозғайды?
Егер қолдан жасалатын қысастық болса, ол маған бағытталуы керек еді. Олай жасаған жоқ. Ал туыстарыма ше? Өзім танымайтын, білмейтін адамдар жалаға ұшырап, қысастық көріп жатқанда ара түсіп, күресіп жүрген мен өз жақындарыма келгенде үйде қарап отырмаймын ғой. Мен оларды қалайда қорғаймын, жаладан, бәледен арашалаймын. Ол үшін бәріне дайынмын.
Мұны билік басындағылар да жақсы білетін болса керек. Егер ондайға барса, менен қатты соққы алады. Онда халық көтеріледі, көпшілік өре түрегеледі. Қоғамда дүрбелең туады. Бұл басқа емес, биліктің өзіне қолайсыз. Сондықтан қысым туралы пікір – жаңсақ. Өйткені, ондай оқиғалар болған жоқ. Ал ондай қауіп-қатер жоқ кезде сондай сылтау айту – меніңше, орынсыз.
– Қалай ойлайсыз, Инга Иманбайдың қызметінен кетуіне не себеп болуы мүмкін?
– Инга да көпке танымал. Жұрт алдында біршама абырой-беделі, амбициясы бар. Сондықтан мынадай қызметке кеше тағайындалып, бүгін босауы оған ауыр тиді. Мен осы жағдайды қолдамаймын. Қолынан келмей жатыр десе, бір ай бола ма, үш ай бола ма, өзін көрсетуге, жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек еді.
«Құрылғалы жатқан демократиялық партияның газетіне айналып кету қаупі төнді. Сондықтан оған жол бермес үшін редакторды ауыстырдық» деген сөз құрылтайшыға керек болған шығар. Не айтса да өздері білер, бірақ, қоғамдағы кейбір пікір, түсінік бәрібір осыған саяды.
Дегенмен, биліктің қысым жасау мүмкіндігін мен басыбүтін жоққа шығара алмаймын. Қысым жасалуы әбден мүмкін. Кезінде бізге де талай қысым жасалған. «Тартып аламыз, сатып аламыз, жауып тастаймыз, құртып жібереміз» дегендер аз болмаған. Сол қоқан-лоққының бәрінен өткенбіз. Иілген жоқпыз. Газетті сақтадық, оқырманның қажетін өтейтін басылымға айналдыра білдік. Ал қазіргі жағдайда, мүмкін басқа да бір себептер болған шығар.
– Жұрт арасында сізді де «Жас Алаштың» маңында жүр деп ойлайтындар аз емес секілді. Әлеуметік желідегі пікірлер легінен осыны меңзейтін ой-тұжырымдарды жиі кездестіреміз.
– Иә, көп адам дұрыс түсінбей жүр. Рысбек Сәрсенбайдың қатысы бар, ол неге араласпайды? Газетті неге дұрыс жолға қоймайды? Газеттің дейгейі түсіп кетті. «Жас Алаш» азуынан айырылды, өткірлігін жоғалтты, жасқаншақ болып қалды дейді. Кейбір адамдар бұл сұрақты кездескен сәтте өзіме де қойып жүр. Олардың барлығына айтатын жауабым біреу: 2017 жылдан бері қарай менің «Жас Алашқа» ешқандай қатысым жоқ. Газетте ешқандай қызмет атқармаймын, құрылтайшысы емеспін. Сондықтан ол сұрақ маған қойылмауы тиіс.