Бүгін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров коронавирустың кең таралуына байланысты эпидемиялық қолайсыз елдердегі Қазақстан азаматтарына қатысты брифинг өткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, azattyq-ruhy.kz-ке сілтеме жасап.
«Біздің Сеулдағы елшілік тарапынан азаматтарымызды Оңтүстік Кореядағы коронавирусқа қатысты ақпараттандыру бойынша бірқатар шаралар қабылдады. Дипломаттарымыз отандастарымызбен мессенджер, әлеуметтік желілер арқылы байланыс орнатып, қажетті ақпаратты ресми интернет-ресурстарда орналастыру және телефон арқылы хабарлауда.
Сонымен қатар, жедел штаб құрылып, WhatsApp мессенджерінде арнайы чат құрылып, тәулік бойы жедел желі телефоны жұмыс істеуде. Қазақстан азаматтарын консулдық есепке алу жұмысы күнделікті жүргізіліп жатыр», - дейді ведомствоның ресми өкілі.
Оның айтуынша, қазір Оңтүстік Кореяда Қазақстанның 35 мыңнан астам азаматы бар екен. Оның шамамен 12 мыңы – заңсыз жүргендер. Ал консулдық есепте небәрі 848 адам тұр.
«Белгілі болғандай, 1 наурыздан бастап Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы рейстер қысқартылатын болады. Осыған байланысты, Оңтүстік Кореяда жүрген азаматтарымызды осы шектеу күшіне енгенге дейін елге оралуға шақырамыз», - деді ресми өкіл.
Сондай-ақ коронавирус жайлаған Италияда қазір 1800-ге жуық Қазақстан азаматы тұрады. Олардың 673-і ғана консулдық есепке тұрған. Соңғы ақпаратқа сәйкес, вирус жұқтырғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ.
«Ирандағы Қазақстан дипломаттары да эпидемиялық жағдайды бақылауда және барлық азаматтарымызбен байланыста. Вирус жұқтырғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Қазіргі уақытта Иран аумағында 170 азаматымыз уақытша тұруда. Консулдық есепте 119 азаматымыз бар. Әр дүйсенбі сайын Тегеран-Алматы-Тегеран рейсі қатынап келді. Қазіргі уақытта әуе қатынасы тоқтатылды», - деді министрлік өкілі.