$ 498.34  519.72  4.85

Мәжіліс депутаты бухгалтерлік қызметке туыстарын тартатын басшыларды сынға алды

«Сондықтан бухгалтерлік білім мен сапаны жетілдіру керек», - дейді Омархан Өксікбаев.
фото: realnoevremya.ru
фото: realnoevremya.ru

Кеше Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудиторлық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды. Заң жобасын таныстырған депутат, Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Омархан Өксікбаевтың айтуынша, құжат аудиторлық қызметті, мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылауды және бухгалтерлік есепті жетілдіру мақсатында бір топ депутаттың бастамасымен жазылған.

Заң жобасы аясында депутаттар қолданыстағы 5 заңға 47 түзетуге бастамашылық жасап отыр. Маңызды өзгерістердің бірі – депутаттар енді жылдық кірісі 4 млрд теңгеден асатын компанияларға міндетті аудит енгізуді ұсынып отыр. Бұл өзгеріске бірқатар депутаттар қарсы болғанмен, бастамашы топтың өкілі Өксікбаевтың пайымынша, «бұл қадам көлеңкелі экономикаға тосқауыл қояды».

«Ресми статистика бойынша, Қазақстандағы көлеңкелі экономиканың үлесі – 20-25%, бірақ, шын мәнінде 40%-ға дейін жетіп жатады. Сондықтан жылдық табысы 4 млрд теңгеден асатын компанияларға міндетті аудит енгізілсін деп ұсыныс жасады. Бұл, жалпы, әлемде бар тәжірибе. Ресей мен Беларусьті алатын болсақ, оларда табысы 2 млрд теңгеден асқан кәсіпорындарды міндетті аудитке жатқызып отыр.

Біз табысы 4 млрд теңгеден асқандарды қамтып отырмыз. Бұл қадам қомақты қаржы айналымы бар компаниялардың қызметіндегі ашықтықты, жариялылықты қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, «көлеңкелі» экономикаға тосқауыл қоюдың және салық толыққанды төленгендігіне көз жеткізетін жүйе. Оны тиімді бағыт деп білемін», - дейді Омархан Өксікбаев.

Депутаттар талқылауға шығарған тағы бір ұсыныс – электронды аудитті дамыту. Бұған қатысты да пікір білдірген Өксікбаев электронды аудит сыбайлас жемқорлықтың алдын алады дейді.

«Электронды аудит енсе, аудитор тексеру жүргізетін нысанға бармайды, бухгалтерді көрмейді, қашықтықтан электронды бухгалтерлік есеп жүргізе алады, бәрі ашық. Саладағы заң бұзу фактілерінің 70 пайыздан астамы бухгалтерлік есеппен байланысты болуының себебі – біздің бухгалтерлеріміздің әлі де болса сауатының аздығы.

Көп жерде бухгалтерді біліміне қарай емес, сенімді адамды алады. Сондықтан да бухгалтерлік есепке көп жағдайда өзінің қарындасын, туысқанын, яғни, шала білімді адамды тартады, соның кесірінен зардап шегіп жатады. Салықты уақытылы немесе толыққанды төлемей, айыппұлға ұрынып жатады. Сондықтан бухгалтерлік білім мен сапаны жетілдіру керек», - дейді Омархан Өксікбаев.

Кенжекей ТОҚТАМҰРАТ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары