Қазақ қоғамында Сабыржан Махметов деген аты-жөнді білмейтіндер кемде-кем. Толығырақ тоқталып өтсек, ол – КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, КСРО және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО әуе десант әскерінің (ВДВ СССР) үш дүркін абсолюттік чемпионы, ережесіз жекпе-жектен бірнеше дүркін әлем чемпионы, КСРО мен Қазақстанда кикбоксинг пен ушу-саньданың іргетасын қалаушы, Дүниежүзілік «Жекпе-жек» қауымдастығының президенті, Қазақ спорт және туризм академиясының профессоры, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әсіресе, оның аты-сойы 90-жылдары, яғни аумалы-төкпелі өтпелі кезеңде елімізде еркін тайраңдаған келімсектерді «орнына қойып» отырған ұлттық мафиямен қатар аталды. Таяуда qazaquni.kz-ке сұхбат берген даңқты спортшы сол бұрынғы қалыбынан жазбай, әңгімесін ұлтшылдық тақырыбынан бастаған.
«Қазақта «ұлтшыл» деген ұлықты сөз бар. Бұл – «өз ұлтын сүйетін мемлекетшіл азамат» дегені. Біреулер «ұлтшыл» деген ұлтымыздың ұлықтап келе жатқан сөзін әдейі «ұмыта қалып», «ұлтжанды» деген сөзді алға шығарып қояды. «Ұлтжанды» деген не ол? Қазақта «итжанды», «қатынжанды» деген сөз тіркестері бар. Ұлтжанды сөзінде ешқандай айбар жоқ», - дейді намысшыл азамат.
Оның айтуынша, демократиясы дамыған Ұлыбритания, Франция, Германияға барсаңыз, ағылшын, француз, неміс тілін білуге міндеттісіз. Ондай дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттерді айтпағанда, көрші Өзбекстанның өзінде «көпұлтты» деген сөз жоқ.
«Өзбекстанда тұрасың ба, өзбек тілін біл. Бітті! Конституциядан мемлекеттік тіл туралы 7-баптың 2-тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек. «Ресми тіл – орыс тілі» деген бізге керек пе? Бізде, жалпы, халықтың 80 пайызға жуығы қазақтар ғой.
Мысалы, Ресейді алыңыз. Онда да ұлттық құрылымның 80 пайызға жуығы орыстар. Одан кейінгі саны көп ұлт – татарлар. Бірақ, Ресейдің заңында «Ресми тіл – татар тілі» деген бар ма? Жоқ! Сондықтан елдегі этностар қазақ тілін, салт-дәстүрін, тарихын сыйлап, зерделеп, жаттап жүру керек! Бізде бір ғана ұлт бар, ендеше бір ғана тіл болуы керек!» - дейді Сабыржан Махметов.
Осылайша ағынан жарылған ұлтшыл спортшы тарихтан да сыр шертіп, қызықты бір жайттан үзінді келтірді.
«Заманында әйгілі Әйтеке би қалың қазақ батырлары жоңғарларға қарсы соғысқа аттанарда «Араларында қатыны қалмақтар жоқ па?» деп сұраған деседі. Біз қазаққа қазақтан басқаның жаны ашымайтынын да ашық айтуымыз керек! Өйткені, елдің тұтқасы – біз, қазақ халқы. Барлық жауапкершілік қазақ ұлтында! Тәуелсіздікті, еліміз бен жерімізді сақтап қалу үшін қазақтардың бірлігі мықты, ынтымағы берік болса, ырысы мол болады», – деп, өткеніне үңіле отырып, бүгінін бағамдай алатынын да аңғартып қойды.