Орынтағына әлі бір жыл да болмаған Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланы одан әрі дамытуды қамтамасыз ету мақсатында ұзақ және орта мерзімді шаралар әзірленгенін мәлімдеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Басты байлығы халқы болып саналатын Алматы қуатты бизнестің, белсенді азаматтық қоғам мен тең мүмкіндіктердің қаласы. Қаланың алдағы 30 жыл ішіндегі даму жоспары тәптіштеп жазылған құжат бойынша алып шаһардың болашағы зор болмақ.
Өткен жылы Алматы барлық әлеуметтік экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамиканы көрсеткен. Алматыны дамытуға 2020 жылы 738 миллиард теңге жұмсау жоспарланып отыр. Бір қуантарлығы, әсіресе, келесі жылы білім, денсаулық сақтау салалары және қоғамдық инфрақұрылымды жақсартуға қаржы көбірек бөлінеді. Мәселен, білім саласына – 280 миллиард, денсаулық сақтауға – 7,7 миллиард, ал әлеуметтік салаға 26 миллиард теңге жұмсалады деп жоспарланған.
Міне осындай бюджетті бекітуге атсалысқан қала мәслихатының депутаттары бірауыздан «Алматы - 2050» стратегиясын мақұлдады. Себебі, маңызды құжат қаланы әр қырынан дамытуға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және экономиканың өсуіне бағытталған төрт маңызды құжат дайындалды: «Алматы-2050» Даму стратегиясы, «Жаңа Алматы» атты шеткі аймақты дамытудың кешенді жоспары, Алматы агломерациясын дамыту бойынша «Үлкен Алматы» жоспары, «Алматының ерекше мәртебесі туралы» Заң.
Алдымен алғашқылардың бірі болып қабылданған «Алматы-2050» Даму стратегиясын талдап көрелік. Бұл бағдарлама жаңа экономика, жаңа кеңістік және жаңа коммуникациялар деген үш қағидаға негізделеді. Соынмен қатар жеті бағытты қамтиды. Атап айтқанда, Шетсіз қала, Ақылды қала, Тең мүмкіндіктер қаласы, Қауіпсіз қала, Жасыл қала, Жаһандық іскерлік орталық, Мәдени әрі креативті қала.
Ал осы жеті бағытты тарқатып айтар болсақ, Алматы: Шетсіз қала – онда барлық аудан бірдей жақсы дамыған және өмір сүру деңгейі жоғары. Ақылды қала – үздік әлемдік смарт тәжірибелерді қолданатын ақылды қала. Тең мүмкіндіктер қаласы – яғни барлығы үшін инклюзивті қала. Қауіпсіз қала – қауіп деңгейі төмен мегаполис. Жасыл қала – өмір сапасының жаһандық 100 рейтингісіне кіретін бау-бақшалы қала. Жаһандық іскерлік орталық – жаңа Жібек жолы орталығындағы жаһандық іскерлік орталық. Мәдени әрі креативті қала – білім, инновациялар мен жаңа индустриялар орталығы.
Міне, сіз Қазақстандағы ең ірі қалалардың бірі де бірегейі Алматының бағасы осындай дегенге келісесіз бе? Әрине, келіспеске лажыңыз жоқ. Өйткені Алматы қаласы айтылған барлық бағыттарда оң әрі нәтижелі жұмыс істеп отырғаны баршамызға белгілі.
Айтқымыз келгені, «Алматы-2050» даму стратегиясы — бұл қала болашағының көрінісі. Әсіресе, «Шетсіз қала» қағидасы ерекше маңызға ие. Бұл – аудандарды дамытуда тепе-теңдікті сақтауға, қаланың барлық тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қабылданған төрт құжаттың келесісі – 2020-2024 жылдарға арналған «Жаңа Алматы» жоспары. Соңғы 10 жылда қаланың аумағы екі есе өсті. Бұл ретте жаңа аудандарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажеттілігі күрт өсті. Жоспар бойынша 2030 жылға қарай алматылықтардың саны 3 млн адамға жету мүмкіндігі көрсетілген. Бұл жоспардың басты мақсаты — әлеуметтік мәселелерді шешу және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Бұған инженерлік желілердің тозуын төмендету, орталықтандырылған сумен жабдықтауды және жарықтандыруды 100%-ға жеткізу, жолдардың сапасын және т. б. жақсарту міндеттері кіріп отыр.
Келесісі – «Үлкен Алматы» жоспары. Бұл Алматы агломерациясын дамыту үшін ішкі көші-қон мәселелерін шешеді. Жоспарға сәйкес, үлкен Алматыны дамытуда көлік инфрақұрылымы мәселесіне ерекше көңіл бөлінінетін болады. Аталған жоспарды іске асыру мақсатында ҮАААЖ айналма жолына 6 көше, қала аумағында 3 көлік торабының құрылысы, облыстың 5 елді-мекенінде автовокзал салу жоспарланып отыр.
Орта мерзімді жоспарларда – Ұзынағаш, Қаскелең, Талғар және Есік елді-мекендеріне дейін батыс және шығыс бағытта қала маңындағы электр энергиясының қозғалысын ұйымдастыру. Азық-түлік белдеуін ұйымдастыру мақсатында қала айналасында 4 көтерме-тарату орталығы, 2 ет комбинаты, 7 жылыжай, 2 сүт фермасы салынады. Алматы агломерациясы жаңа жоспарының арқасында қала маңы көпсалалы аймақтар ретінде дамиды деп үміттенеміз.
Төртінші құжат – «Алматының ерекше мәртебесі туралы» Заң. Бұл құжат 28 мәселе бойынша әкімдіктің құзыретін кеңейтуде. Заңнамалық өзгерістер әкімдікке қалалық ортаны, жер активтерін, көлік және басқа да қалалық қызметтердің жұмысын, әлеуметтік, сондай-ақ қала құрылысы мен сәулет сұрақтарын басқару бойынша кең ауқымды мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, даму жоспарын іске асыру және оның орындалуына мониторинг жүргізу үшін қала әкімдігі жанынан стратегиялық кеңес құрылатын болды. Ұйым ұзақ мерзімді жоспарды іске асыруды қадағалап, жыл сайын ашық есеп беріп тұрады.
Енді алматылықтар көркейіп, дами түскен шаһарда өмір сүретін болады. Бұл мақсаттар жолында қала әкімдігі мен қатар аудан әкімдіктері, қалалық маслихат пен құзырлы органдар, түрлі ұйымдар атсалысатын болады.