Жуырда Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қала тұрғындарын қабылдап, жұмысқа тұру, әлеуметтік көмек алу, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, үлестік құрылыс нысандарының құрылысы, тұрғый үй коммуналдық шаруашылығының жұмысы, апатты және ескі үйлерді сүру және т. б. мәселелерді талқылады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әкім мұндай бас қосу мәселені нақты шешуге жол бастайтындығын, алайда жүйелі шаралар қабылдау қажет екендігін атап өтті.
Тұрғын үй мәселесі...
Бүгінде елордада тұрғын үй кезегінде 48 мың адам тұр. Баспана тек кезек тәртібімен беріледі.Осы орайда айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласында қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі 3 есеге арттыру мақсат етілген. Биыл шамамен 8 мың пәтер, яғни 500 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салу жоспарланған. Расында, қазіргі таңда еліміз бойынша тұрғын үй мәселесі басты әр маңызды бағыттардың бірі болып отыр.
Өткен жылы 2020-21 жылдарға арналған дайындық жұмыстары қолға алынып, мемлекеттің қолдауының арқасында үй құрылысы комбинатының жұмысы қайта жанданған. Кәсіпорынның қызметі үй сапасына нұқсан келтірмей, шаршы метрдің құнын азайтуға және үйді тұрғызу мерзімін қысқартуға көмектеседі.
Мектеп салу ісі...
Тұрғын үймен қатар, биыл Нұр-Сұлтанда 2019 жылмен салыстырғанда екі есе көп мектеп салынады. Биыл 10 мың орындық 12 мектепті пайдалануға беру мен 12 мың орындық 8 мектептің құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Қазір Нұр-Сұлтан қаласында 115 мектеп пен 182 мың оқушы бар. Халықтың өсуіне байланысты қалада әлеуметтік нысандарға жүктеме артып келеді. 8 мектеп қазір үш ауысымда оқытады. Үш ауысымды оқытумен байланысты мәселені шешу үшін жыл сайын кемінде 10 жаңа мектеп салып отыру қажет. Биыл және келесі жылы 12 мектептен салынады. Бірінші кезекте мектеп құрылысына арналған орындар анықталған. Мектептердің құрылысына жеке инвесторларды тартылатын болады. Өңірлік кеңесте жеке инвестиция есебінен 22 мың оқушыға есептелген 22 мектеп салу қолдау тапты.
Кешенді жоспар аясында 5 жылдық кезеңге 60 мың орындық 50 мектеп (оның ішінде 10 мектеп қазіргі мектептер аймағында) салу жоспарланған. 2 ауысымда бұл 120 мыңға жуық орын ашуға мүмкіндік береді. Елордада еңбек етуге қолайлы жағдай жасау үшін 350 орындық мұғалімдерге арналған жатақхана салынды, кадрларды даярлауға гранттар бөлінеді.
Велосипед инфрақұрылымын дамыту
Сонымен қатар, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласын дамыту аясында елорданы абаттандыру, соның ішінде велосипед инфрақұрылымын дамыту мәселелері жиі талқыланып жүр. Қазіргі таңда қала бойынша 40 шақырымға жуық веложолақ қолданыста екен. Қала әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиевтің айтуынша, үш жыл ішінде шамамен 130 км веложолақ салыну жоспарланған, ал биыл соның 45 шақырымы салынбақ. Қазірдің өзінде велостансаны және қаладағы велосипед жөндеу орындарын арттыру бойынша жұмыстар басталды. Айта кету керек, елордада 155 велостанса және 1078 велосипед бар.
Қаладағы кәсіп
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жылы 1212 елордалық грант алды. Оның ішінде: жастар – 858, көпбалалы отбасылар – 6, мүгедектер – 59, АӘК алушылар – 33 адам өз бизнесін іске қосты. Мемлекеттік бағдарлама еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби дағдылар мен біліктілік алудың тиімді жүйесін құруға, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауды қоса алғанда, еңбек делдалдығының тиімді моделін құруға бағытталған.
Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына жаңа енгізілімдер күшіне енді. Қазіргі кезде кәсіптік оқыту оқытылған адамдарды жұмысқа орналастыруға кепілдік беретін жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша жүзеге асырылады.⠀Сондай-ақ көпбалалы және табысы аз отбасы мүшелерін кәсіпкерлікке тарту үшін оларға микрокредиттер жылдық 4% - дан аспайтын пайыздық мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі мерзімге берілетін болады. Жаңа ережеге сай, халықтың барлық санаттары үшін бірыңғай мемлекеттік гранттардың мөлшері 200 АЕК-ті құрады. Сонымен бірге көпбалалы және табысы аз отбасылардың мүшелері алдын ала оқытусыз грант алуға құқылы. Осы жылдан бастап жастар тәжірибесіне «Бірінші жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары енгізілді. Бірінші жоба бойынша 29 жастан аспаған, оның ішінде NEET санатындағы азаматтарға, жұмыс тәжірибесі жоқ, білім беру ұйымдарының түлектеріне, еңбекке жарамды мүгедектерге бірінші жұмыс орнына жұмысқа орналасуға мүмкіндік беріледі.
Екінші жоба зейнеткерлік жасқа жеткен жұмыс істейтін қызметкерді кейіннен ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыруды көздейді.
Қаладағы құрылыс
Елордада онкологиялық орталық пен қазақ драма театры Елбасы - ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы сәйкес салынып жатыр. Онкоорталықта обыр ауруларын диагностикалау мен емдеудің озық технологиялары пайдаланылатын болады. Жыл сайын медициналық орталықта 6 мың пациент стационарлық көмек, ал 30 мыңнан астам адам амбулаторлық көмек ала алады. Екінші нысан Ж. Нәжімеденов, А. Байтұрсынов және 23-15 көшелерінің қиылысында орналасқан қазақ драма театры. Кешен 800 орынға есептелген және 3 қабаттан тұрады. Құрылысты биыл аяқтау жоспарланып отыр.