Қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің адвокаты Бауыржан Азанов марқұмның анасына не үшін әділетсіздікпен бірге күресуден аяқ астынан «жалт бергенін» сұрап видеоүндеу жолдады. Себебі, Гүлбараш Жолмұхамбетова тіркелмеген «Атажұрт еріктілері» ұйымының кеңсесінен Бауыржан Азановқа қарсы мәлімдеме жасап, оны өздерінің адвокат ретінде жалдамағандарын, тіпті, бұл іске араласпауын өтінген еді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Мен сіздің бейнеүндеуіңізді көрдім. Сіз мені сыйламайды деп ойламасын деп осында жауап беріп отырмын. Гүлбараш апа, мен сіздің қайғыңызға ортақпын! Демалыс күні Дулаттың үйіндегі дастархан басында кездескенде, сізбен, қызыңызбен осы қылмыстық істің мән-жайын бірнеше сағат талқылағанбыз. Сіз сол жерде телефон нөмірімді сұрап алып, мен кетіп қалған соң 3-4 сағаттан кейін, кешке жақын тағы бірнеше кеңес алдыңыз.
Сізден кейін Қанат деген ұлыңыз телефон соғып, ол да бірнеше кеңес алған. Жарты сағат сөйлестік. Ертеңіне бір тәулік өтпестен, сіз Алматыдан бір-ақ шығып, тіркелмеген «Атажұрт еріктілері» ұйымынан маған бейнеүндеу тараттыңыз. Мен оны түсінбедім. Гүлбараш апа, сізге айтайын дегенім, өткен жылы күзде Қытайдан қашып келген Қастер мен Мұрагер деген бауырларымызды қорғайын деп Шығыс Қазақстан облысының Зайсан, Өскемен, Семей қалаларында жүрген кезімде сіздің ғана ұлыңыз маған телефон шалып: «Бауыржан, хал-жағдайың қалай? Тамағың, ақшаң, жататын жерің, көлігің бар ма? Қалай жетіп, не істеп, не бітіріп жүрсің?» деген еді.
Сонда Қазақстаннан менің жағдайымды сұрайтын бір-ақ адам табылған. Ол – сіздің ұлыңыз, біздің Дулат бауырымыз, батырымыз болған. Мені сонда шақырған басқа адамдардың жұмысы да болған жоқ. Сондықтан 24 ақпанда маған Дулаттың достары телефон шалып, «Дулатты алып кетті, қамап жатыр» дегенде, үндемей, тым-тырыс отырмаймын ғой!
Бірінші ұшаққа мініп, астана қаласына ұшып келдім де, Дулат досымызға білгенімше көмегімді көрсетейін дедім. Сол үшін келгенмін. Келісімшарт, бәрі бар. Сіз оны білесіз... Сондықтан мұндай жағдайда менің сізге бір-ақ сұрағым бар: Гүлбараш апа, апатай, осындай бейнеүндеу таратуға неге мәжбүр болдыңыз?» - деді Бауыржан Азанов.
Ал оның facebook парақшасына салған бұл видеоүндеуіне пікір жазғандар марқұмның анасының пікірін өзгертуіне бірауыздан әлгі тіркелмеген «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшты кінәласты. Мысал келтірейік...
Bayetova Zina: «Ой, тоба, қалайша Гүлбараш апамыз лезде ұлының сенімді қорғаушысынан теріс айнала қойды екен? Не себеп? Бұл анау антұрған Біләштің құйтырқы істері болды ғой. Тура содан келген пәле бұл». Ержігіт Пернебаев: «Бауыржан, Дулат бауырыңыз риза шығар сізге. Аққа Құдай жақ. Әліптің ақырын күтейік. Біләштің тікелей қатысы бар. Serik Joldasbai: «Серікжанның іріткі жасап отырғаны». Сенбек Қыдырбек: «Дулаттың шешесі Гүлбараш апайды Серікжанның тіркелмеген заңсыз «Атажұртына» апарып, қай антұрған аздырды деші. Бәлкім, Сикоштың өзі болар (көп адам солай айтып жатыр). Бекжан Ахметов: «Гүлбараш апа, ойланыңыз! Дулат Ағаділ балаңыз Бауыржан Азановты сеніп таңдады ғой. Неге сіз сенген адвокатын ауыстырдыңыз? Әңгіме неде? Келімшарттағы гонорарын халық болып төлер едік. Бауыржанға жанымыз ашып отыр. Басынан бастап ол жүріп, бүкіл елдің, СМИ көзін қаратты, резонанс жасатты. Рахмет деуіміз керек. Әйтпесе, ел жұмылмас еді». Гүлмира Сансызбайқызы: «Бәрі енді белгілі! «Атажұрт» деген атпен аңқау қазақ халқымды азғырып, арандатушы Серікжан Біләш дегеннің тобырларымен қоса, тіркелмеген осы ұйымға өз басым арызданамын! Халық таршылықта әрең жүргенде, бұл Біләшқа неше рет ескертсе де арангдатуын қоймайды екен». Күнес Арлан: «Тіркелмеген, заңсыз «Атажұрт» ел ішін былықтырып бітті. Жабылып, үні өшсе болар еді». Mamilat Talgat: «Елдің бәрі енді білген, өздерін нағыз «Атажұрт» деген Серікжан бастаған алаяқтарға сеніп алданып жүр. Осыларға бір тыйым бар ма? Халықты әбден арандатты, 40 өтірігмен. Бұларға шындықты айтсаң, қытайшыл сатқын боласың».
Ескерте кетсек, Бауыржан Азановтың орнындағы қазіргі адвокат – белгілі заңгер Айман Омарова.