Саясат 05.03.2020 сағат 07:50

«Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты аңғарамыз»: Назарбаева Құлыбаев басқаратын құрылымды сынады

«Нәтижесі шамалы екен. Сертификат табыстаудың өзін пара алып, пара беретін алаңқайға айналдырыпты», - деп шүйлікті Сенат спикері.
«Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты аңғарамыз»: Назарбаева Құлыбаев басқаратын құрылымды сынады
фото: oinet.kz
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева бизнеске берілетін индустриалды сертификат қызметін мемлекетке қайтаруды ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Парламент отырысында еліміздегі жеңіл өнеркәсіп мәселесі сөз болып, сенатор Серік Жақсыбеков бизнеске берілетін индустриалды сертификат қызметін сынады.

«Былай қарағанда, жеп-жеңіл жұмыс секілді. Компания сертификат алу үшін («Атамекенге» - ред.) өтініш жолдайды. Сөйтіп, 2 айдан 6 айға дейінгі аралықта әлгі өтінішті сарылып күтеді. Өтінішті қабылдап алғандар не хабарын айтпайды, не жауабын жолдамайды. Тіптен түсініксіз. Сертификат алудың ережесіне сай компанияға сарапшы келіп, бағалау жұмысын жүргізу керек екен.

Сертификатты өткізіп қойған кәсіпорын әлгі сарапшыны апталап, айлап күтеді. Оның қашан, қай мезгілде келетіні хабарланбайды. Мінекей, көріп шығыңыз…», – деген Жақсыбеков қолындағы қағазды Назарбаеваға ұстатты.

Артынша, Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов сөз алып, сертификатты «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы беретінін еске салды.

«Ол жақтағылар сіздер көтерген мәселеден құлағдар. Бұл жұмысты барынша ықшамдап, жүйелеуге тырысып жатыр...», – деді Шолпанқұлов.

Назарбаева «Атамекеннің» кәсіпкерлерге беретін индустриалды сертификат қызметін сынап, бұл жұмысты мемлекет құзіретіне қайтаруды ұсынды.

«Бұл істі мемлекетке жүктеу керек. Жалпы, түрлі сертификат табыстайтын қызмет түрлерін мемлекет жауапкершілігіне қайтарған жөн. Неге? «Атамекен» бұл істі әкете алмай отырғанын өздеріңіз айттыңыздар. Нәтижесі шамалы екен. Сертификат табыстаудың өзін пара алып, пара беретін алаңқайға айналдырыпты.

Оның үстіне индустриалды сертификаттар мемлекеттік тапсырыстың стандартына сай емес. Мұнда да жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты аңғарамыз. Сұрағанын берсе, әлгі сертификатты кім көрінген алуы мүмкін.
Жалпы, бұл саладағы былық бастан асады. Сертификат беруді мемлекетке қайтарып, тәртіп орнату керек», – деді Дариға Назарбаев.

Индустриалды сертификат – кәсіпорынның өнім өндіретінін растайтын құжат. Өтініш берушінің техникалық, технологиялық, ресурстық мүмкіндіктері бар екенін көрсетеді, өнім өндіруге шамасы жететіндігін айғақтайды, тізімде көрсетілген қызмет ауқымын көрсетуге қауқары жететінін дәлелдейді.

Жеңіл өнеркәсіппен айналысатын және жиһаз әзірлейтін кәсіпкерлерден мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін индустриалды сертификат талап етіледі. «Атамекен» осы арқылы аты бар, заты жоқ кәсіпорындармен күресетінін айтқан.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар