Кеше интернет желілері арқылы видео үндеу жариялап, қазақстандықтарды «Оккупай Нұр Отан» акциясына шақырған белсенділер Әлнұр Ильяшев, Даная Қалиева, Дәулет Әбілқасымов бастаған топ «Нұр Отан» партиясының Алматыдағы филиалына барып, партия жетекшілерімен кездесіп, бірнеше сұрақ қоюға тырысты.
Бұл кездесуді белсенділердің бірі Даная Қалиева Facebook парақшасы арқылы тікелей эфирде таратты.
Партия ғимаратының кіре берісінде екі жақ сөзге келіп қалды. Партия өкілдері келгендерді «ғимарат ішінде акция өткізбек болған», «қозғамдық тәртіпті бұзған» деп айыптады. Бұл күн партияның азаматтарды қабылдау күні екенін айтқан белсенділер де дегендерінен қайта қоймады.
Белсенділердің «Нұр Отанға» таққан кінәсінің бастысы – жемқорлық. Партия жемқорлықпен күрес туралы жиі айтқанмен, өздері жемқорлық фактісі бойынша жиі ұсталады. Белсенділердің бұл сауалына «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров былтыр елде тіркелген мыңнан астам жемқорлық қылмыстың 10 пайызы ғана «Нұр Отанға» қатысты екенін айтып ақталды.
Сонымен қатар, билік партиясының өзге саяси партиялардың құрылуына, насихат жұмыстарына кедергі келтіретіні де сөз болды. Бұған алматылық партия өкілдері «біздің қатысымыз жоқ» деп жауап берді.
Бір қызығы, өздерін партияның қабылдауына келген өзге азаматтар ретінде таныстырған топ партияның сөзін сөйлеп, белсенділерден кетуді талап етті. Олар қабылдауға өзге де азаматтардың келгенін айтып, белсенділерді «33 минуттан бері отырсың, шық, қанеки» деп, кездесуді «аяқтады».
Бұдан кейін осы топ пен белсенділер арасында дау туындап, «қай жақтан шықты саңырауқұлақ құсап?»; «мыналарды кім шақырды?»; «ал сіздерді кім шақырды?»; «сотқа береміз»; «бұл үйлерің емес, шығыңдар»; «сендер бізге кедергі келтіріп жатырсыңдар» деген сөздер айтылып, ақыры күзетшілердің араласуымен белсенділер ғимараттан шығуға мәжбүр болды.
Белсенділер «Нұр Отан» ғимаратына «Stop Nazarbayev system» деп жазылған плакат апарған. Билік партиясының өкілдері бұл плакатты ашып ұстауға қарсы болып, оны ұстап тұрған Әлнұр Ильяшевтен тез арада жинауды талап етті.
Әлнұр Ильяшев аулаға шыққан соң БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Назарбаев дәуірінің өткенін түсінетіндер, оның кетуін тездету керек екенін ұғатындар тек митингіге шығып қана емес, осылай келіп, сұрақ қойып, қалыптасқан жүйеге қарсылық білдіруге болады.
Тағы оқи отырыңыз: Назарбаев Мәжіліс депуттарына шалғай аудандарға баруы керектігін ескертті
Бүгін Канкуров уақыттың тығыздығын айтып, біздің сауалдарымызға жауап берген жоқ. Біз 18-і күні де келеміз, осы сұрақты қоямыз», – деді. Өйткені, бұған дейін «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы 18 наурызда өтетіні хабарланған еді.