Адвокат және Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айман Омарова Мәжілістің қазіргі құрамын таратуды ұсынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, ҚазТАГ материалына сүйене отырып.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, депутаттардың бұл құрамын таратқан дұрыс шығар. Бізге ұйықтап отыратын, ауыздарына не келсе соны, адвокатураға қатысты қарсы пікір («Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасы) айтатын, өздерінің ешқашан абақтыға түспейтіндеріне сенімді, адвокаттық қызметті түп тамырымен жойғысы келетін депутаттардың қажеті қанша?» - деді Омарова сәрсенбідегі баспасөз мәслихатында.
Ол депутаттардың өздері талқылайтын заң жобаларының мағынасын үнемі түсіне бермейтін секілді деп топшылады.
«Кейде маған заң қабылдап отырған адамдар нені талқылап отырғандарын түсінбейтіндей көрінеді. Бізге ондай депутаттар керек емес. Егер ондай заңдар қабылданатын болса, сол заңды қабылдағандардың тізімін берулеріңізді сұраймыз. Біз олар депутат болудан қалғаннан кейін қалай өмір сүретіндерін қадағалайтын боламыз», - деді ол.
Алматы қалалық адвокаттар алқасы мүшелерінің айтуынша, адвокаттық қызмет туралы жаңа заң «заң көмегін алуды» қиындатады.
«ҚР Парламенті Мәжілісінің жекелеген депутаттары ұсынған ҚР «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңына ұсынылған түзетулер жобасы Қазақстандағы адвокаттық қызметті күшейтіп, дамытудың орнына, керісінше, азаматтардың білікті заң көмегін алу құқығын шектеуі мүмкін» делінген баспасөз мәслихатында таратылған Алматы қалалық адвокаттар алқасының баспасөз парақшасында.
Заңгерлердің ашуын келтіргені заң көмегін жою, адвокаттар қоғамдастығының пікірін тыңдамастан адвокатты өмір бойына лицензиясынан айыру, сот процесінде және басқа да кездерде адвокаттарды белсенді ұстанымын білдіруден айыру секілді ұсыныстар болатын.
Тағы оқи отырыңыз: «Жаман шенеунік»: Мәжіліс төрағасы «таңнан кешке дейін ұйықтайтын» шенеуніктердің жайбасарлығын бетіне басты
«Шын мәнінде, адам құқығына кепілдікті ары қарай жетілдірудің, демократияландыру мен заңнаманы ізгілендірудің орнына, коммерциялық емес, тәуелсіз, өзін-өзі басқаратын адвокаттар ұйымының қызметіне кей депутаттардың қолымен өкілетті органның кезекті рет араласуына талпыныс жасалуда», - дейді құқық қорғаушылар.