$ 481.84  531.33  5.07

«Трагедиялық көрініс»: депутаттардың бірі «Әкім» фильмін «жарнамаласа», екіншісі қасында ұйықтап отыр (ВИДЕО)

Ауыл шопырының сұрағы: 48 жарым жастағы әріптесі қолын сермеп сөйлеп жатқанда, 83 жарым жастағы мәжіліскер В. Косарев не істеп отыр?

«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау кезінде Қазақстандағы ең қарт депутат, 83 жастағы Владислав Косаревтің "ұйқыны сойып жатқан" видеосы желіге тарап кетті, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Видеоны экономист, блогер Дәулет Төлеутайұлы Instagram-парақшасында жариялады. "Депуттардың жұмысы оңай емес", - деп жазылған видеоның астында.

Видеодағы агенттік төрағасының орынбасары Марат Дәуешовті сынға алып, "Әкім" фильмін көруге кеңес беріп жатқан Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембиновтің жанындағы Косаревке еріксіз көз түседі. Бірі отандық фильмді көруге үгіттесе, екіншісі оны міндетті түрде көруге уәде беруде. Ал үшіншісі, тіпті, "халықтың жағдайын қатты ойлағаны" соншалық, қалың "ойға" кеткен. 

Айта кетсек, "Бір фильм қарап отқандай қарап отырады теледидардан, ауылда не болып жатқанынан мүлде хабарыңыз жоқ", - деп сынаған депутатқа: "Ол фильмді қарамаппын. Міндетті түрде осы жерден шыққасын көремін, интернеттен тауып", - деп жауап берді баяндамашы.

Осындай жиындарда қандай маңызды тақырыптар көтеріліп, қалай шешімін табатыны бүкіл елге жария болған сыңайлы. Осы сәтте бір әзіл еске түсіп тұр.

"Депутаттың әйелі таңертең күйеуін ұйқыдан оятып, "тұр, жұмысыңа барып ұйықтайсың" деген екен".

Белгілі телепродюсер Серік Аббас-шах та осы видеоға қатысты Facebook-парақшасында төмендегідей әзіл-шыны аралас жазба қалдырған:  

"Ауыл шопырының сұрағы: 48 жарым жастағы әріптесі қолын сермеп сөйлеп жатқанда, 83 жарым жастағы мәжіліскер В. Косарев не істеп отыр? 

Жауап нұсқалары: 

Елдің жағдайын қатты ойлап отыр; 

Бір кісінің 80 жылдығында қандай сыйлық жасайтынын ойлап отыр; 

Келесі сайлаудан кейінгі тағдырын уайымдап отыр; 

Көз шырымын алып отыр; 

Мәжілістің жұмысына комедия сияқты күліп қарап отыр; 

Бірғаным Әйтимова туралы эротикалық түс көріп отыр; 

Жұмыссыз қалған Дархан Калетаевтың тағдырын уайымдап отыр; 

”Коронавируспен” ауырып отыр; 

”После восьмидесяти все одногодки - друзья”... сіздің нұсқаңыз?"

Желі қолданушылары да қарап қалмай, Косаревті қызу талқылап жатыр.

"Не түс көріп жатыр екен атамыз?", "Өте қиын екен жұмыстары", "Қазақша сөйлей алмайды, ұят", "Қасында отырған көкеге бәрібір сияқты", "Осылай мұғалім сабақ берсе немесе дәрігер емдесе қалай болар екен?!", "Жасы келген адамдарды неге жұмыстан босатпайды екен?", "Біреу қинап әкеліп қойған сияқты қасындағыны", "Қасындағы "Әкім" киносын түсінде көріп отыр", "Осы кісіні қанша сынға алса да, тіс батпады-ау...", "Еее, халыктың қамын ойлау оңай ма?!", "Қарын тоқ, қайғы жоқ,қарапайым елді ойлап не қылсын, ұйықтамағанда?", "Трибунадағысы "кино қараймын" дейді міндетті түрде, қасындағысы отыр жалпиып ұйықтап. Қандай керемет жұмыстары", - деп жазды олар.

Ал ақын Аманжол Әлтай өзінің Facebook-парақшасында Владислав Косаревті: «Өркениетке ұмтылудың орнына, құрдымға кеткен «Қызыл өкімет ұраншыларын» елдегі ең жоғарғы заң шығарушы билікке өмірлік депутат етуіміз прогрессивті мінез емес. Біздің елде қазір Әлихан Бөкейханұлын насихаттаудан Косаревтің құрметі басым. Трагедиялық көрініс...», - деп сынады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары