$ 494.87  520.65  4.91

«Азық-түлікті қадағалағанша, долларды қадағалаңдар!»: заңгер шенеуніктер мен байларға жөн сілтеді

«Қарапайым кәртөшкі егіп жүрген саудагерден талап еткенше, мұнайдың, уранның ақшасын вагондап жұтып жатқандардан талап етіңдер!» - дейді ол.
фото: report.az
фото: report.az

Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, белгілі заңгер Айгүл Орынбек facebook парақшасында базар аралап, қатардағы алыпсатарлардың азық-түлік бағасының үстіне тиын-тебен қоспауын бақылап жүрген шенеуніктерге шүйлікті, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Әкімдер мен депутаттар базар аралап, неге тентіреп жүр? Вирустың келгенінен өсіп жатқан жоқ баға, доллардың өсуінен азық-түлік өсіп жатыр. Бағаны көтермеңдер дейсіңдер ме? Мықты болсаңдар, анау үкіметте отырғандарға айтыңдар, долларды көтермесін! Саудагерлердің ешқайсысы жетісіп жүрген жоқ! Бәрінің мойнында кредиттері бар.

Қарапайым кәртөшкі егіп жүрген саудагерден талап еткенше, мұнайдың, уранның ақшасын вагондап жұтып жатқандардан талап етіңдер! Бізде ақыл айтқыш экономист көп, бірақ, тұрақты экономика жоқ!

Халықтан жырып, зейнетақы қорымыздағы ақшамызды Әзірбайжанның банктеріне салған едіңдер, қайтты ма? Әлде, надан халық білмейді ғой деп, білгендеріңді істеп жатсыңдар ма?» - деді, әрдайым халық атынан әлеуметтік мәселе көтеріп жүретін Айгүл Орынбек.

Сондай-ақ, ол әлгі Шодиевтің «тырнағына да татымаған» сараң байлардың коронавирусқа қарсы күреске деген миллиондаған қаржыны шынайы жанашырлықпен емес, ішкі есеппен аударып жатқандарын меңзеді.

«Форбстың байлары миллион бөлгеніне қуанудың қажеті жоқ, ағайын! 27 жылда халықты теспей сорып келе жатқандар бекерден-бекер құсып жатқан жоқ. Ертең он есе қылып қайтарып алатынын ішім сезіп тұр. Арыс оқиғасынан кейін бұлардың қалай ақша жейтінін білдім ғой», - деген заңгер, оларға нақты талап та қоя білді.

Тағы оқи отырыңыз: «Құм жиылып тас болмас...»: қазақтың бүкіл олигархы жиналып бір Шодиевтей бола алмады

«Шынында да осы жолы халықпен бірге екендеріңді дәлелдегілерің келсе, әрбір ҚР азаматына 500 000 теңгеден бөліңдер! Бірден биылғы статистикалық санақты да реттеп аласыңдар, оған да пәленбай миллиондар бөлінді емес пе!?» - деп түйіндеді жазбасын, шенеуніктер мен шіріген байшыкештер ісінің шикілігіне көппен бірге күйінген қоғам белсендісі.

Оқырмандар да оған қолдау білдіріп, өздерінің билікке деген өкпе-реніштерін жарыса жазысуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары