$ 498.34  519.72  4.85

Шымкент әкімі бірқатар нысандарды аралады

Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы Тұран шағынауданында құрылысы аяқталған мектепте болды. 1200 орынды білім ошағы төртінші тоқсанға балаларды қабылдауға дайын.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаһарда құрылысы қарқын алған бірқатар нысандар мен өндіріс орындарын аралады. Мердігер компания өкілдерімен кездескен әкім жұмысты жауапкершілікпен атқаруды міндеттеді, деп хабарлайды Sn.kz.

Алдымен Нұрсәт шағынауданында 21,5 га аумақта салынып жатқан үйлердің құрылысын аралап көрген шаһар басшысы мұндағы салынып жатқан 8 үйді тексерді. Мердігер мекеме – «Арт Құрылыс» ЖШС. Компания басшысы Бекжігіт Төлендиевтің айтуынша, құрылысы 2018 жылы басталған нысан биыл маусым айында пайдалануға беріледі.

Қала әкімі құрылысты өз мерзімінде тапсыруды және сапалы атқаруды ескертті.

– Бірінші кезекте сапаға мән беріңіздер. Тұрғындардан сапаға қатысты шағым көп. Ең басты талап – осы. Біз тұрғын үй салушыларға әрдайым қолдау көрсетеміз. Сіздер тараптан сапалы жұмыс істелінуі керек. Әрине, құрылыс жұмыстарының қала экономикасына қосар үлесі мол. Қалаға келетін инвесторлар да алдымен құрылыс барысына мән береді, – деді әкім.

Қала әкімі Тұран шағынауданында «Shymkent» ӘКК» тапсырысымен салынып жатқан 8 үйдің құрылысын да аралап көрді. Мұнда мердігер «Бек Строй Сервис» ЖШС жоспар бойынша жұмыс жүргізуде. Құрылысы 2018 жылы басталған үйлер сәуір және маусым айында пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы Тұран шағынауданында құрылысы аяқталған мектепте болды. 1200 орынды білім ошағы төртінші тоқсанға балаларды қабылдауға дайын.

Жалпы, Шымкент қаласында биыл 77 үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Жұмыстар кестеге сай жүргізілуі тиіс. Қалалық құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметовтың айтуынша, құрылысы биылға жоспарланған 77 үйдің 24-і кредиттік, 8-і арендалық. Ал Тұран шағынауданында 41 үйдің құрылысы жүргізіледі. Мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған.

Осы кезде репродуктивтік медицина институты Шымкент қаласында филиалын ашып, жұмысын бастады. Шаһар басшысы аталған клникамен де танысты. 

Бұл жоғары репродуктивтік технологиялар саласындағы соңғы жетістіктердің көмегімен бедеулікті емдеуге арналған денсаулық сақтау саласының жаңа әлеуметтік-маңызы бар нысан саналады.

Клиникада тиімділікті барынша арттыру мақсатында әйелдер мен ерлер бедеулігін емдеудің толық спектрі ұсынылған.

Мұнда ЭКО бөлімі, адам геномын толық зерттеуге арналған генетикалық зертхана, әйелдер кеңесі, жедел гинекология-лапароскопиялық орталық, жедел емдеуді қоса ерлер белсіздігін емдейтін андрология және урология бөлімі бар. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының студенттері мен курсанттарына арналған оқу базасы да осында орналасқан.

Клиника бір ауысымда 250 адамды қабылдай алады. Жылына 3000 ЭКО бағдарламасын, 2000 лапароскопиялық ота жасауға бар.

Айта кетейік, орталықтың ашылуына репродуктивтік медицина институты 1 миллиард 25 миллион теңге инвестиция құйды. Алдағы уақытта 150 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда.

Осыдан кейін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы жылу беру қазандықтарының жұмысымен танысты. Алдағы уақытта күрделі жөндеуді қажет ететін қазандықтардың жай-күйін бағамдады.

Алдымен қала басшысы әкімшілік іскерлік орталығында орналасқан қуаттылығы 160 Гкал болатын «Қуат жылу орталық -3» қазандығының жұмысын көрді. Қазіргі таңда қазандық көп пәтерлі 77 үйді, 9 бюджеттік мекемені, 35 шағын және орта бизнес нысандарын жылу энергиясымен және ыстық сумен қамтамасыз етеді.

Бұдан соң, қала әкімі бастаған жұмысшы топ Теріскей шағынауданында орналасқан «Аудандық РК-3» қазандығы мен Спорт шағынауданындағы К-24 жылу жүйесін аралап көрді.

Аралау барысында Мұрат Дүйсенбекұлына қазандық бойынша жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды. Тұрғындарды сапалы жылумен қамту үшін ертеректен қамдану керек екенін айтқан қала әкімі қысқы кезеңге дайындықты бекітілген жөндеу кестелеріне сәйкес жүргізілуін ескертті.

Бүгінгі таңда еліміздегі төтенше жағдайға байланысты халық арасында медициналық бетперде мен қолға арналған антисептиктерге сұраныс жоғары. Сондықтан Шымкенттегі антисептик өнімдерін шығаратын кәсіпорын жұмыс қуаттылығын арттырған. Қала тұрғындарының сұранысын қамту мақсатында қала әкімі Мұрат Әйтенов «Асем» ЖШС-нің жұмысымен арнайы барып танысты.

«Ордабасы» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорын күніне 4 тонна залалсыздандыру өнімдерін шығарып отыр. Ондағы 30-дан астам жұмысшы үш ауысымда жұмыс істеуде.

Кәсіпорын жұмысымен таныстыру барысында мекеме басшысы Мұхит Асанов нарықта сұраныс туындап жатса, өндіріс қуаттылығын арттыруға дайын екенін жеткізді.

Содан кейін шаһар басшысы қаладағы ең үлкен кәсіпорындарының біріне айналған тоқыма фабрикасының жұмысымен танысты. Шымкент әкімі «AZALA Textile» комбинатының иіру, тоқыма, бояу-әрлеу, тігін цехтарының жұмысымен танысып, комбинаттың өндіріс қуаттылығын көрді.

«AZALA Textile» – еліміздегі тоқыма өндірісінің көшбасшыларының бірі. Серіктестік сырттан шикізат сатып алатындай мұқтаждығы жоқ, өз өнімі өзін толық қамтамасыз етуге жетеді. Мақта зауыты мен жіп, мата дайындау цехы толық күшінде.

Аталмыш тоқыма фабрикасы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған.

Компания жеңіл тоқыма өнімдерін өндіреді, көрпе тыстары мен жастық, сүлгілер, ақжаймалар мен басқа да тұрмыстық жағдайға қажетті бұйымдар шығарады.

Айына 500 тонна мақтаны өңдейтін фабрикада 1,5 миллион метр мата тоқылады. Өз өнімдерін республикамыздан бөлек алыс-жақын шетелдерге де экспорттайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары