$ 494.87  520.65  4.91

«Бұл да сау сиырдың жапасы емес екен!..»: белгілі заңгер Шымкент әкімінің былық-шылығын «бетке басты»

«Халық үшін жазып қояйын, білсін ел! Білім басқармасы басшысының орны 100 000$ екен. Оны кеше білдім, игі жақсылардың арқасында. Әңгіме жатпайды Шымкентте!» - дейді ол.
фото: otyrar.kz
фото: otyrar.kz

Белгілі заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек facebook парақшасында Шымкент қаласының әкіміне шүйлікті. Айтуынша, мегаполистің жаңа әкімі қалалық Білім басқармасына басшы етіп бұл саланы бұрын да қарық қылмаған Жанат Тәжиеваны төтенше жағдайдың ырду-дырдуында топ еткізіп қайта жайғастыра қойыпты, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Жұрт вируспен күресіп жүрсе, біздің әкім кадрмен айналысып жүр! Бізге жан қайғы, Шымкенттің әріп теріп жүрген әкіміне кадр қайғы екенін кешегі тағайындаудан кейін түсіндім! «Жанат Тәжиеваны Білім саласына қайта тағайындапты», - деп сүйінші сұрап жатқандарды көріп қалдым. Басқа-басқа, миллиондық қаланың білім саласына Жанат ханымның келуі жемқорлықтың гүлдеп өршіп тұрғанын көрсетеді!» - деп бастаған заңгер жазбасын.

Бұлай дейтін себебі, жергілікті білім саласын бұрын да осы Тәжиева басқарып отырған кезде оның атына балабақшалардан шағым өте көп түскен екен. Сондай-ақ, мектептерде де ақшаның көп жиналатыны соншалық, білікті заңгер ретінде Айгүл Орынбектің өзі де әр мектепке үнемі мониторингке барып тұрған көрінеді.

«Қателеспесем, сол кездегі жемқорлыққа қарсы мемлекеттік қызмет агентігіне құпия келіп түскен арыздар бөлмесінде ата-аналар арызы болу керек! Әрине, үш рет бір орынға келіп жатқанына қарағанда, қолы ұзын адам, ол арыздарды да жоқ қылып жіберуі мүмкін!

Тәжиева білімді қатырмай, одан кейін Білімді Бақылау департаментіне барған. Ол жақты да қатырған жоқ! Енді қайтадан вирус өршіп жатқанда білімге келуі, бұл саланың аралар үймелейтін балды жер екенін көрсетеді!» - дейді ол одан әрі.

Заңгердің заңға томпақ келетін, дәлел-дәйексіз жел сөзге ұрынбайтыны белгілі. Сондықтан Айгүл Орынбек қалалық Білім басқармасының «аралар үймелейтін балды жер» екенін әкімдіктен алыс жүрмеген сенімді кісілер арқылы біліп отырғанын да ескертіп қойды.

«Сөз түсінетін, дені дұрыс әкім келді ме десем, бұл да сау сиырдың жапасы емес екен! Ел онсыз да мына тәжвируспен күресіп әлек болып жатқанда, білім саласына Тәжиева деген вирусты қойып жатқаның рас па, Әйтенов?! Рас болса, өзің шешім қабылдай алмайтын ... әкім екенсің!

А, айтпақшы, халық үшін жазып қояйын, білсін ел! Білім басқармасы басшысының орны 100 000$ екен. Оны кеше білдім, игі жақсылардың арқасында. Әңгіме жатпайды Шымкентте!» деп түйіндеді жазбасын.

Бүгін оған өзекті мәселеден өзін алшақ ұстап көрмеген қаламы қарымды шымкенттік журналист Тоқтар Жақаш та пікір қосты. «Осы Әйтеновтен бірдеңе шыға ма десем, былжыраған біреу сияқты. Брифингте сөйлеген сөзін тыңдап көрдім. Ежелеп, әрең оқып тұр ғой! Әріп теріп дегенің сол екен ғой! Дауысы да жағымсыз екен», - деп «басын шайқап» отыр ол.

«Дым бітіріп жатқан жоқ бұл да. Әңгіменің қысқасы, былжыраған біреу екен, әжем айтпақшы!» - деп жауап берді оған Айгүл Орынбек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары