$ 494.87  520.65  4.91

«Сен де бір бұрқыратып шап, бауырым!»: Несіпбек Айтұлы енді Берік Уәлиге өлең арнады

Мемлекеттік сыйлық иегерінің ол жүрекжарды жырын Қазақ радиосының «Өмір – өлең» бағдарламасында актер, әнші Нұркен Өтеуіл оқыған.

Кезінде «Бәйтерек» – елбасының өр тұлғасы, Әкеліп өз қолымен Тәңір қойған» деп Нұр-Сұлтандағы монументке поэма арнаған ақын Несіпбек Айтұлы, енді президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәлиге де бір өлең шығарып тастады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мемлекеттік сыйлық иегерінің ол жүрекжарды жырын Қазақ радиосының «Өмір – өлең» бағдарламасында актер, әнші Нұркен Өтеуіл оқыған. Толық нұсқасы мынау:

Атам жүр түсіме еніп
(Берік Уәлиге)

Айналған өз тұсында аты аңызға,
Құс салған екеуміздің атамыз да.
Шын болса атамыздың аңшы екені,
Кеміріп ақ қағазды жатамыз ба?

Бар ма екен аталардан қымбат адам,
Көктедік солар берген мың батадан.
Қондырып қолға қыран көрмесек те,
Шошайып шықпаймыз ба қырға таман?

Мінбеген жан емеспіз атқа бұрын,
Көшеде жүреміз бе таптауырын?
Бүркіті түлкі бүрген атаң құсап,
Сен де бір бұрқыратып шап, бауырым!

Армансыз атамыздай күн кешірмей,
Өмірден өтеміз бе бір көсілмей?
Томаға киген қыран түк көрмейді,
Көрінер қараңғылық түрмесіндей.

Тіршілік кейде жолды қиындатып,
Батамын мен де мұңға миым қатып.
Сол кезде бір жүйрікке қарғып мініп,
Жапанға кетсем деймін құйындатып.

Амал жоқ, кейін туып, кеш түледік,
Шаңқылын қырандардың естімедік.
Атаның бүркітіне жем бермедік,
Тұғырда сілкінетін төсті керіп.

Саятта бір-біріне болған сыңар,
Таулардан көрінбейді енді аңшылар.
Ақиық аталардың бойындағы,
Қасиет қанымызда қалған шығар.

Қыраны қия беттен түскен іліп,
Біздерге қайда бүгін құсбегілік?
Қайтайық Тарбағатай жаққа барып,
Атам жүр маза бермей, түске кіріп.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары