Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің қатысы бар компанияларға Қазақстан аумағынан жер телімдерін ақысыз беру мәселесі талқыланбайтын болды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы, inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Еске сала кетсек, 7 сәуір күні электрондық үкімет порталында 21 сәуірге дейін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің қатысы бар компаниялардың меншігіне жер телімдерін ақысыз беру туралы қаулының жобасы көпшілік талқылауына ұсынылған болатын. Қаулының жобасын жұрт талқылады дегеннен гөрі, сынға алып, осы бастаманы көтерген мемлекеттік органдарға шүйлікті.
Ал қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан оны қабылдатпау үшін «Жер қорғаны» атты жаңа қозғалыс құратынын мәлімдеді. Жаңа қозғалыс жанданбай тұрғанда мәселені біржақты ету жөн деп шешсе керек, бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми сайтында жаңа ақпарат жарияланды.
«Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасы жалпыхалықтық талқылау жүргізу мақсатында Egov порталына жүктелді. Аталмыш жобада Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 13 сәуірдегі №459 қаулысы мен 2004 жылғы 26 қарашадағы №1237 қаулысына жер учаскелері меншікке өтеусіз негізде берілетін отандық өнеркәсіп кәсіпорындарын тізбеге енгізу туралы толықтырулар енгізу көзделген.
Бүгінгі таңда аталған қаулы жобасын талқылау барысында мемлекеттік органдар мен аккредиттелген қауымдастықтардан ҚР Үкіметінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер қатысатын кәсіпорындарға жер учаскелерін беру құзыреті жоқтығы бөлігінде ескертулер жасалды.
Осылайша, ҚР Үкіметі қаулысының жобасы аталған ескертулерді ескере отырып, талқылаудан және одан әрі қараудан алынды», – деп жазылған ресми мәліметте.
Қаулы алғаш жарияланғанда өре түрегелген әлеуметтік желі қолданушылары бұл ақпаратты да іліп әкетіп, бір-бірінен сүйінші сұрасып жатыр.
Тағы оқи отырыңыз: «ЕАЭО-ның фирмаларына жерімізді тегін береміз деп жатыр»: Мұхтар Тайжан маңызды үндеу жасады
«Құттықтаймын, достар! Бұл Сіздердің ыңтымағыңыздың, азаматтық белсендігіңіздің арқасы, жетістігі! Бұдан былай жерге келгенде бәріміз бір жұдырықтай жұмылып тұрсақ, арам пиғылдарға жол бермей, кез келген сатқындықты тоқтата аламыз, жерімізді ұрпақ үшін сақтай аламыз! Енді субаренда жайлы пресс-релизді күтемін. Оған ауыл шаруашылығы министрлігі жауапты» деп жазды Мұхтар Тайжан facebook парақшасына.