Жүйедегі ақау тозығы жетіп шіріген киім секілді әр жерден жыртылып жатыр. Бір жерін жамаса, екінші жері тесіліп шығады. Жемқорлық әбден жайлағаны соншалық кейбір ірі шенеуніктер Арыстағы апатқа бөлінген қаржыға дейін қол сұқты. Күнде бір шенеуніктің парамен ұсталғаны жайлы хабарға таңқалмайтын болдық. Әрине азғантай айлығымен мемлекеттік қызметтің отымен кіріп, күлімен шығып, жанын салып жұмыс істеп жүрген көптеген ары таза мемлекетшіл, білікті қызметкерлер де жеткілікті. Олардың бәрін бірдей парақор деп кінәлаған әділетсіздік деп ойлаймын.
Экономика толықтай мұнай мен шикізатқа тәуелді. Мұнайдың бағасы түскен сайын ыстығы көтерілген науқас адамдай доллардың да бағасы шарықтап кетеді. Соттың жағдайы да мәлім. Миллион доллар пара алып ұсталған Нилер көзді бақырайтып қойып сот залынан босатылып, тауық ұрлағандар көпекөрнеу қамалып жатыр. Халық сот жүйесіне мүлде сенбейді.
Миллион теңгеге "тағайындалған" депутаттар да рұқсат шеңберінде ғана сөз алып, бірдеңкені міңгірлегені болмаса, елдік мәселені көтеріп, биік мінбеден биліктің қателігін көрсетіп қатты сөйлегенін көргеніміз жоқ. Жарымайтын айлыққа жұмыс істеп жүрген мұғалімге де, дәрігерге де ренжи алмайсың. Қадірі кеткен мұғалімдердің сайлауда қандай сайқымазаққа айналғанын көрдік. Көрдік те түңілдік. Түңілдік те оларды сондай жағдайға дейін түсірген жүйеге лағынет айттық.
Демография күйреп тұр. 30 жылда жағдайы жоқ өзбек 59%, қырғыз 43%, азербайжан 37% өссе, қазақ небәрі 12% ғана өскен. Шаңырақ құрған жастардың 40% бір жылға жетпей ажырасып отыр.
30 жылда азғантай халықтың баспана мәселесі толық шешілген жоқ. Елорда халқы әлі күнге дейін көмір жағып отырса да әлемге жасыл энергияны үйретпек болған EXPO, LRT секілді еш пайдасы жоқ ірі жобаларға, мәнсіз жиындарға, той-томалаққа шашылған миллиардттаған ысырапты қысқартып, орнына халқымыздың, көпбалалы отбасылардың, мұғалім, дәрігерлеріміздің жағдайын жасап тастауға болар еді.
Ұлттық идеология мүлдем жоқ. Қазақ тілінің мүшкіл жағдайы тағы белгілі. Мәжіліс пен сенат, өкіметіміз, барлық мемлекеттік мекемелер, көпшілік қала халқы әлі күнге дейін орысша шүлдірлейді. Дін саласы да оңып тұрғаны шамалы. Қазақты жік-жікке бөлген түрлі теріс ағымдар орнығып алды.
Жалпы ахуалымыз осы. Осындай мүшкіл жағдайда билік Қасым-Жомарт Тоқаевқа тиді. Онда да қол-аяғы маталған билік. 30 жылдық сірескен жүйе, биліктің айналасына шоғырланған олигархтар әлі де билікті уысынан шығарғысы келмейді.
Отыз жылда қордаланған бүкіл мүшкіл мәселе, күрмелген күрделі проблемалардың барлығы Тоқаевтың мойнына артылды. Бұл аздай әлемдік пандемияға айналған коронавирус індеті де елімізге өз салмағын салып, бұрын-соңды болмаған ауыр жағдайға, экономикалық дағдарысқа тіреді. Бірақ осындай әлсіз позицияға қарамастан мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың өзгеріске, реформаға деген талпынысын көріп отырмыз.
Президенттің Елбасыға жиі жалтақтауы көп адамға ұнамаса да, оған мәжбүр екенін, толыққанды биліктің әлі қолына тимегенін халық түсініп те, көріп те отыр.
Қазақстанда көтеріліс болған жағдайда, елде хаус орын алатынын болжау қиын емес. Өйткені бұған сыртқы факторлар араласады. Мұндай кезде қазаққа әлі сіңіспеген, әсіресе көрші елмен қатысы бар өзге ұлттардың қандай роль ойнайтындығын да топшылау қиын емес. Тіпті Ресейден әскер кіргізілуі де мүмкін. Революция бола қалған жағдайда, билік тізгіні халықтың қолына қан төгіссіз өтпейді. Аяғында билікке кім келетіндігі де белгісіз. Нағыз лайық тұлға отыратындығына да кепілдік жоқ. Өйткені елді ұйыстырып, артына ертіп алып кететін халық қолдауына ие сауатты оппозиция жоқ. Біз Қырғызстан да, Украина да емеспіз. Асты да, үсті де байлыққа толы байтақ жер, аз ғана халықпыз. Түрлі елдердің мүдделері тоғысып жатыр. Сондықтан бізге революция мүлдем тиімді емес. Керісінше зиян. Тәуелсіздігімізге қауіп.
Енді не істейміз? Меніңше азаматтық қоғамды барынша оятуымыз қажет. Арзан күлкі, қысыр әңгіме емес, халықтың саяси санасын жетілдіріп, өз құқықтарын талап етуді үйретуіміз керек.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтан уәде еткен реформасын табанды талап етуге тиіспіз. Сондай-ақ, оның оң қадамдарын қолдау арқылы билігін күшейтуіміз ләзім. Президент халықтың қолдауын сезініп, билігі күшейген сайын ескі жүйе де әлсіреп, күшті құрылымдарды уысында ұстап отырғандардың ықпалы азая береді. Билік бірнеше жылда эволюциялық жолмен толыққанды қолына өтеді. Ары қарай жаңа жүйе қалыптасады. Біздің қазіргі таңда "бай талғайтын" жағдайымыз да, басқа таңдаумыз да жоқ!
Президенттің жылдар бойы осы жүйенің ішінде жүрсе де ешбір кланға кірмеуі, жемқорлыққа, есепсіз байлыққа батпай өзін таза ұстай білуі, оқыған зиялылығы, саясаткерде болуы тиіс салқынқандылығы Қазақ елін жақсы өзгеріске жетелейді деп үміттенемін.
Тәуелсіздігімізді, тыныштығымызды сақтай отырып, бейбіт жолмен жүйені өзгертудің басқа жолын көріп тұрғаным жоқ. Алла елімізге жар болсын!
Қайрат Жолдыбайұлының Facebook-парақшасынан