15.04.2020, 02:50

«Ей!» дегені несі? Қойлармен сөйлесіп тұр ма?»: карантин тәртібін қадағалаған әкім сынға ұшырады (ВИДЕО)

фото: видеодан скриншот
Мысалы, заңгер Руслан Түсіпбеков шенеуніктің онысын шектен шыққандық деп есептейді.

Қазір әлеуметтік желілерде «Талдықорған әкімі тұрғындарға карантин талаптарын сақтатуда резонанс тудырды» деген тақырыппен видео тарап жатыр. Онда шынымен де қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов полицейлермен бірге көшедегі жұртты қадағалап жүр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Видеода шенеунік көшеде бейсауат жүрген азаматтарға ашулы үн қатып, бұйыра сөйлейді. Құдды, бойында оларды адам құрлы көрмейтін тәкаппарлық бар сияқты. Сол сәтте теріс қарап, өз шаруасымен әуре болып отырған қоғамдық көлік жүргізушісін өзіне «Ей!» деп қаратып алады...

Әрине, бұл қылық видеоны көрген желі қоланушыларға жақпай қалған. Мысалы, заңгер Руслан Түсіпбеков шенеуніктің онысын шектен шыққандық деп есептейді.

«Неге мұндай дөрекі дауыс? Қандай қаланың әкімі екені маңызды емес. Маңыздысы, бірде-бір шенеуніктің азаматтармен бұлай сөйлесуге хақысы жоқ. Жалпы, бұндай түртпектеу қайдан пайда болды? Сосын дөрекі түрде «Ей!» дегені несі? Ол немене, қойлармен сөйлесіп тұр ма?

Бұл – өзін салықпен асырап отырған халқына деген құрметсіздігі. Сондай-ақ, мынадай жайтты ешқандай карантин мен коронавирус сылтауы ақтай алмайды. Шамасы, бұл италиялық және латынамерикалық шенеуніктердің роликтерін көп көрген де, солар сияқты трендте болғысы келген, былайша айтқанда. Иә, олар бұндай жағдайда эмоцияға бой алдырады, бірақ, адамдармен нақты қарым-қатынаста өздерін тым бұлай ұстамайды.

Меніңше, бұл шенеунік (оның лауазымы мен атын анық білмеймін) көпшілік алдында халықтан кешірім сұрауы керек. Ал оның өрескел әрекетіне қатысты мәселені жоғары органдар шешуі тиіс» деп жазды заңгер facebook парақшасына.

Оған пікір білдіргендердің көбі әкімнің әкіреңдегенін «көтере алмай» жатса, кейбіреуі карантин талабын осылай қатаң қабақпен орындатпаса, тұрғындардың «жүгенсіз кететінін» растап отыр.